Мемлекет қаржысын заңсыз шетел асырған олигархтар – құпия
Мемлекет қаржысын заңсыз шетел асырған олигархтардың есімі сол күйі құпия қалатын болды. Мәжіліс активтерді қайтаруға мүмкіндік беретін құжатты екінші оқылымда мақұлдап, бүгін Сенатқа жолдады.
Автор: Айғаным Достанбай
14.06.2023
Мәжілісмендердің ұсынысымен заңның тиісті жүзеге асуын қадағалайтын арнайы уәкілетті орган мен комиссияның құзіреті кеңейтілген. Сондай-ақ осы құжат аясында заңды және жеке тұлғалардың жабық тізімі жасақталады.
Арнайы комиссияны премьер-министрдің өзі басқарады. Ал құрамы депутаттар мен қоғам белсенділерімен толығады. Олардың есімі әзірге нақтыланбаған.
Заңды және жеке тұлғалардың жабық тізіміне небір қулық-сұмдықпен заңсыз байлыққа кенелген адамдардың белгілі бір тобы енгізіледі. «Ал жабық деп отырғаны, олардың есімі елге жарияланбайды» - дейді депутаттар. Активтерді қайтаруға бағытталған шаралар сол тізімдегі тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Мәселен, олар жақын туысы, таныстары, көлік жүргізушісі немесе үй қызметшісі де болуы мүмкін. Мәжілісмен Абзал Құспанның сөзінше, осы құжаттың қабылдануын созбаққа салып кедергі келтіргендер де болыпты.
Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты:
- Атын атап, түсін түстеп айтпаймыз. Ол топты мен өз басым екіге бөліп қарастырамын. Бір азаматтар шынымен де өз ұсынысын енгізгісі келді. Тағы да бір топтар әйтеуір түрлі ұсыныс беріп, осы заңның қабылдануын кешеуілдетуді мақсат тұтты. Сондай бір күдік болды. Ертең қолданысқа енгеннен кейін де қоғам арасында даудамайға ұшырайтынын айтқым келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!