Абай облысындағы өртке қатысты бірқатар лауазымды тұлғадан жауап алынады
Абай облысындағы өртке қатысты экс-министр Ильин ғана емес, экология министрі Зүлфия Сүлейменова, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтен де жауап алынады.
Автор: Айғаным Достанбай
14.06.2023
Қылмыстық істі тергеуді бастаған Бас прокуратура жоғарыда аталған лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалмағанын қоса атап өтті.
Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Жалпы өрт салдарын ескере отырып, қоршаған ортаға елеулі зиянын ескере отырып, ең бастысы, біздің 14 азаматымыздың қызмет борышын өтеу барысында қаза болуына байланысты, қызметіне немқұрай қарағаны бойынша істі қозғадық. Бұл іс те прокуратураның тергелуінде. Істің шеңберінбе өз қызметіне салғырт қарау, не болмаса, жауапсыз қарап, ауыр зардаптарға жол берген барлық лауазым иелері қылмыстық жауапқа тартылады.
Бас прокуратура қылмыстық іс бойынша әлі күнге ешкімнің іс-әрекетін сараламаған. Сәйкесінше, экс-министр Ильиннің оқиға орнына неліктен кешігіп барғаны, қазіргі өңір басшысының жағдайдан бірден хабардар болмауы, «Семей орманы» резерватына бөлінген 6 миллиард теңгенің не себепті игерілмегені әзірге сауал күйінде. Орманшыларды өрт ошағына кімнің, қандай мақсатта арнайы формасыз құр жібергені де басы ашық сұрақ. Әзірге Бас прокуратура тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Тергеушілер Абай облысына барып жұмыстарына енді кірісті. Құзырлы орындар істің ақ-қарасын ажыратуға екі ай уақыт сұрап отыр. Ал әзірге Абай облысындағы өрт дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.
Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Жауап алынуға тиіс тұлғалардың көбі, ол жерде тек басшылық құрам ғана емес, орта буындағы басшылық құрам да бар, өрт сөндіруге қатысып жатыр. Сол себепті біз оларды қазір мазаламаймыз. Олардан міндетті түрде жауап алынады. Қазір басқа тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!