Астанадан арнайы комиссия ВИЧ жұқтыру дерегін тексеруге Алматыға аттанды
Алматының Орталық клиникалық ауруханасындағы ВИЧ инфекциясын жұқтыру дерегін тексеруге Астанадан арнайы комиссия жіберілді. Оның құрамына Санитарлық-эпидемиологиялық және Медициналық-фармацевтикалық бақылау комитеттерінің үздік мамандары бар деді денсаулық сақтау министрі. Тексеріс екі ай жүргізіліп, қателік нақты қайдан кеткенін анықтайды.
Автор: Мерей Қалиасқар
15.06.2023
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Енді комиссия осы ауруханадағы бірінші аурулардың ауруды қай жерде жұқтырғанын, қандай да бір ортасында байланыс бар ма екен немесе басқа жерде жұқтырылды ма, сол туралы толық тексеріс жүргізеді. Барлық ауруды, медицина қызметкерлерін сол ауру болған кездегі ауруханада болған барлық адам тексеріледі. Олардың арасында қандай да бір байланыс бар ма, сол да анықталады.
Бірер күн бұрын Алматының мақтаулы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының үш науқасынан ВИЧ инфекциясы анықталған болатын. Дерт оларға қан құю кезінде жұққан деген болжам бар. Қазір дәрігерлер аурухана ішінде үреймен ем алып жатқандарға инфекция тарап кетуін болдырмауға тырысып бағуда.
Жалпы министрліктің дерегінше, елімізде соңғы 10 жылда ауру жұқтырғандар саны екі есеге артқан. Бүгінде елімізде 31 мыңнан аса адамнан инфекция расталған. Дені 18-49 жас аралығындағы еңбекке қабілетті азаматтар. Вирусты көпшілігі жыныстық жолмен жұқтырып жатыр дейді мамандар. Сондықтан сақтықты барынша сақтауға үндеуде.
Бақыт Түменова, «Денсаулық» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы:
- Қауіпті инфекцияға шалдыққандар санының өсуі соңғы жылдары әлем бойынша барлық жерде кездеседі. Еуропада күрт көбейіп еді, міне, елімізде де ВИЧ жұқтырғандар саны арта түсті. Бұл, әсіресе инъекциялық есірткі тұтынатын адамдарға қатысты. Яғни «синтетика» пайда болып, психобелсенді заттардың осы жаңа түрлері белең алып, артынша толқын басталды. Ал бұл жағдайдағы ең қауіптісі оның 70 пайыздан астамы жыныстық жолмен беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!