{metadescription}
Алматыдағы «Восточка» тұрғындары медорталық құрылысына қарсы шықты
Алматыдағы «Восточка» тұрғындары медорталық құрылысына қарсы шықты

Алматыдағы «Восточка» тұрғындары медорталық құрылысына қарсы шықты

Алматыдағы «Восточка» тұрғын үй кешенінің тұрғындары тағы наразылық білдіруде. Жұрт үйіне тақалып салынып жатқан медициналық орталықтың құрылысына қарсы.

Өйткені нысанның жертөлесі қазылған кезде-ақ баспана шөгіп, қабырғалары жарылып кетті дейді. Ал ең сорақысы, емдеу мекемесі болады делінген нысанды тұрғызуға шенділер еш рұқсат құжат бермеген.  

«Восточка»кешенінің былығы көп. Әу баста құрылысы жыр болды, кейін баспанасына кірген тұрғындар қақаған қыста жылусыз қалды. Ал су мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді. Тұрғындардың бүгін тағы да жиналып шу шығаруына коммуналдық түйткілдер емес,  шағын ғана құрылыс түрткі болып отыр.

Эльмира Сатымбекова:

- Медеу ауданының әкімі бұл жердің бәрі сатылып кеткен, менің құзырымда еш мүмкіндік жоқ деді. Басында осы үйді салған кезде балаларға арналған ойнайтын алаң, тұрғындар демалатын демалыс орны ретінде жоспарланған. Ал қазір медициналық орталық салынып жатыр. Бұл жер өте тар.

Таршылық туындау тек бергі жағы. Таңнан түнгі сағат 10-ға дейін тоқтаусыз жүретін құрылыстан жұрттың ығыры шыққан. Үйлерге тақалып тұрғызылып жатқан нысанның жертөлесі қазыла бастағанда, баспаналар бірнеше сантиметрге шөкті дейді.

Тұрғындар құрылыстан шеккен зардабымыз жетерлік деп отыр. «Енді мынаған қараңыздаршы, үйдің қабырғасы ұзыннан-ұзақ жарылып кеткен, ұстап көрсең, құдды бір қазір құлап кететіндей». 

Ырысалды Әлиева:

- Дауысы қатты естіледі. Көлік шуынан баланы ұйықтату қиын. Үйге шаң кіріп жатыр. Екіншіден, жертөледе сызат беріп жатыр. Негізі, үш үйдің тұрғындарының мазасы кетіп отыр.

Жұрттың наразылығынан кейін құрылыс компаниясынан бұрын әкімдіктен бірнеше бөлім басшысы сау етіп жетіп келді. Бірақ кейбірі ләм-мим демей сұхбат беруден қашса, өзгесі камераның алдына шыққанымен, бір-екі ауыз сөз ғана айтты. 

Мәди Бөкейханов, Алматы жоспарлау және урбанистика басқармасы Медеу ауданының бөлім басшысы:

- Көрсетілген нысан бойынша басқарма тарапынан қандай да бір рұқсат құжаттары берілмеген. Иә, заңсыз болып тұр.

Азат Кәкетаев, Медеу ауданы коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Құрылыс басталып кеткеніне қарай шаралар қабылданады.

- Ұйғарым жазылады, одан кейін айыппұл салынады, жұмыс тоқтатылады. Қазір де тоқтап тұр. Енді шара қабылдана басталды.

Тұрғындар рұқсат құжат берілмесе де, құрылыстың қалай басталып кеткеніне аң-таң. Бірақ атқамінерлер бұған жауап бермеді. Не де болса, жұрт төрт  қабатты медициналықтың орталықтың тұрғызылуына түбегейлі қарсы. Сондықтан нысанды «жаптыртпайынша, тоқтамаймыз» деп отыр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде