Түркістанда Ұлттық құрылтай өтіп жатыр
Түркістанда Ұлттық құрылтай өтіп жатыр. Алқалы жиынның алғашқы күнінде министрлер, мәжіліс депутаттары, түрлі саланың мамандары, зиялы қауым өкілдері бас қосып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқыға салды. Негізгі шаралар ертең мемлекет басшысының қатысуымен өтеді деп жоспарланған.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
16.06.2023
Түркістанда таңнан бері қарбалас. Депутаттар, министрлер, түрлі саланың өкілдері бүгін осында. Президент Ұлытаудан кейін алқалы жиынды сан ғасырлық тарихы бар қасиетті де, киелі мекенде өткізуді ұсынғаны бекер емес. Көне шаһар қазақтың қара шаңырағы һәм руханиятымыздың мызғымас діңгегі.
Ал қоғамдағы түйіні тарқамаған түйткілдерді талқылау бүгін басталып кетті. Құрылтайдың 117 мүшесі көрші елдермен алыс-беріске қан жүгірту, қымбатшылықпен күрес, этносаралық бірлестікті нығайту, азаматтық қоғам құру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек адамына лайықты жағдай жасау сынды түрлі маңызды тақырыптарға ерекше тоқталып, ұсынысын ортаға салды.
Аида Балаева, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары:
- Елді толғандырған мәселелердің ауқымы да, бағыты да алуан. Жалпы құрылтай барысында болсын, онлайн арналар арқылы болсын, айтылған әрбір ойпікір ескеріледі. Барлық мәселелер мұқият зерделеніп, мемлекет басшысының назарына ұсынылады.
Жиында білім мен ғылым, мәдениет пен руханият тақырыбы да назардан тыс қалған жоқ. Киелі қалаға келген өнер қайраткерлері мен ақын-жазушылар ой алмасып, отандық әдебиет пен киноны дамыту, ауыл-аймақта білім ошақтарын, мәдени және спорт нысандарын жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды.
Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Өз мақсаттарымызды, міндеттерімізді талқыға салдық. Мысалы ретінде өзіміздің тарапымыздан жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, осы жеті жылдың ішінде кем дегенде 350-ден астам Vәдениет үйі салынады. Оның сексен пайызы өңірлерде, аймақтарда, шалғайдағы ауылдарға салынатын болады.
Құрылтайдан кейін билік өкілдері нақты іске көшіп, халықтың үніне құлақ асу керек. Осы мақсатта Ұлытауда өткен алғашқы отырыстан кейін Quryltai мобильді қосымшасы іске қосылған еді. Бұл платформаға 400-ден астам адам қоғамдағы түрлі мәселелер бойынша ұсыныстарын да жолдап үлгерген. Президент Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін берген болатын.
Ұлттық құрылтайдың негізгі мақсаты — билік пен бұқара арасында диалог орнату. Сол арқылы ашық алаңда елдің ілгерілеп дамуына ықпал ететін бастамалар көтеру. Жергілікті органдардың жұмысын қадағалап, баға беру де құрылтай мүшелерінің міндеті. Түркістандағы құрылтайдың негізгі жиыны ертең мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтеді деп жоспарланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!