Жамбыл облысы Байзақ ауданында дәнді дақыл мен көкөніс қурап кетуге шақ тұр
Қуаңшылықты қолдан жасап отыр. Жамбыл облысы Байзақ ауданының диқандары суға жауапты ағын суды әр ауданға алалап бөледі дейді. Соның кесірінен су жетіспей, дәнді дақыл мен көкөніс қурап кетуге шақ тұр. Ал жергілікті билік өкілдері Қырғызстаннан келетін су көлемі азайған дейді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
16.06.2023
Байзақ ауданы жұртының айтуынша, біраз ауылда осындай жағдай. Су жоқтығы ел-жұртты алаңдатып қойды.
Ақжар ауылы. Бүгін елдімекен халқы бас көтерді. Өйткені әкімге жағдайды айта-айта жалыққан. Нәтиже болмаған соң, дау шығарды. Жұрттың 90 пайызы диқан. Биыл бәрі тақырға отыратын түрі бар. Оған ағын су тапшылығы себеп.
Райымбек Рүстембеков, Ақжар ауылының тұрғыны:
- Мынау масқара емес, тас масқара. Бір қасық су бермейді су мекемесі. Халықтың бәрі бірнәрсе көреміз, аламыз деп ұмтылып жатса, су мекемесі артқа сүйрейді. Аудан мен Түмекент округі әкімі де Ақжарға жанашыр емес.
Тұрғындар бұл жағдайға су тарату мекемесін айыптайды. Сөздерінше, шенеуніктер тіршілік нәрін үлестіруде тепе-теңдікті сақтамайды. Яғни басқа ауданға көп бөліп, Байзаққа аз мөлшерде су жібереді дейді.
Ғалымжан Қарабалаев, Ақжар ауылының тұрғыны:
- Жамбыл ауданына 15 текше метр, Байзаққа бір тамшы су бөлініп жатқан жоқ. Соған қалай шыдаймыз, халық болып соны сұрап тұрмыз. Бөліпжарып отыр, басқа ештеме айта алмаймын.
- Қанша текше метр Ақжар ауылынына жетпейді.
- Бөлмейді.
«Қазсушар» мекемесі бұл пікірді теріске шығарады. Сөздерінше, Қырғызстаннан келетін ағын су көлемі азайған. Оған Киров су қоймасындағы су деңегейінің екі есе төмендеуі себеп. Сондықтан айырқалпақты ағайындар үнемдеуге көшіпті.
Ерлан Өтегенов, «ҚАЗСУШАР» РМК Жамбыл филиалының директоры:
- Киров су қоймасына судың түсіп жатқан көлемі 1,5 текше метр. Былтыр бұл көрсеткіш 55 текше метр болатын. Жалпы сәуір айынан бүгінгі күнге дейін су қоймаға 140 млн текше метр су түскен жоқ. Бүгінде қырғыздардың өзіне су жетпей жатыр, жағдай қиын. Қоймаға су түспей жатыр.
Ерлан Өтегенов жағдай Қырғызстанда да қиын дейді. Қуаңшылық қос елді қатар қысатын түрі бар. Бірақ көрші ел азаматары суға жауапты басшыларды жағадан алып жатса керек. Суды Қазақстанға сатып жатырсыңдар деп айыптаған. Тіпті осы іске қатысты тергеу де басталыпты.
Талас өзені арқылы қазір секундына небәрі 32 текше метр су ғана келіп жатыр. Бұл екі есе аз деген сөз. Оны үш ауданға кезекпен бөлгенімен Талас ауданына мүлдем баратын түрі жоқ. Ал дау шығарған байзақтықтарға ссу жіберілді. Екі аптада олар дәнді дақыл мен көкөнісін суғарып үлгеруі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!