{metadescription}
Зүлфия Сүлейменова: Жауапкершілік арқалауға дайынмын
Зүлфия Сүлейменова: Жауапкершілік арқалауға дайынмын

Зүлфия Сүлейменова: Жауапкершілік арқалауға дайынмын

Жауапкершілік арқалауға дайынмын. Абай облысындағы қайғылы жағдайдан кейін экология министрі бүгін журналистердің алдына шығып, көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Зүлфия Сүлейменова Бас прокуратура жұмысымнан олқылық кеткенін анықтайтын болса, заң алдында жазадан қашпаймын деп отыр.

Ал Семей орманы резерватындағы өрттің шығыны әзірге нақтыланбаған. Орман алқабын бұрынғы қалпына келтіруге ондаған жыл қажет дейді министр.

15 адамның өмірін жалмаған Семей резерватындағы өрттен кейін экология министрі Үкімет отырысында бүгін төбе көрсетті. Жұрт жағдайдан жалпылама хабардар болғанымен, Зүлфия Сүлейменованың өз аузымен жауап беруге тиісті жайттар жоқ емес. Мәселен, 8 маусым күні Семейде өрт басталғанда министрдің Астанадағы халықаралық форумда жүргені белгілі. Өрттің басталғанын ести сала, Абай облысына көлікпен шықтым деген Сүлейменова оқиға орнына екі тәуліктен кейін бір-ақ жеткен.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Өрт аумағы ол кезде шамамен 45 мың гектар болған. Өздеріңіз білесіздер, рейстің болмауына байланысты, Абай облысына көлікпен шығып кеттік. Сенбі күні кешке мен оқиға орында болдым. Желдің күшеюіне байланысты өрт аумағы көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіді. Дегенмен мен жеткенше ол жерде барлық құзырлы органдардың өкілдері болды.

Экология министрі елдің орман шаруашылығындағы техникалардың тозығы жетіп тұрғанын Абай облысындағы жағдайға дейін білдік, орманшылардың 80 мыңнан 120 мыңға дейін жалақы алып отырғанынан да хабардармыз дейді. Еңбекақыны өсіру жөнінде ұсынысты Үкіметке екі-үш ай бұрын жеткізген. Ал Семейдегі өрттің адам өліміне алып келуі, 60 мың гектардың күлге айналғаны – техникалық жабдықтардың тозғанынан дейді министр.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Абай облысындағы жағдай да техникалық базаның ескіруінен болған деп айтуға толық негіз бар. Басым көпшілігі техниканың қолданысқа жарамсыз. Бүгінде республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталды. Ал орманшылардың жалақысы 1 шілдеден бастап көтеріледі. Яғни бұл орман шаруашылығы қызметкерлерінің 100 пайызын қамтиды.

Алапат орман өртінен кейін экология министрінің тәжірибесіздігін сынға алып, отставкаға кетуін талап еткендер болды. Зүлфия Сүлейменова отставкаға кетуге дайынмын деп кесіп айтпағанымен, Бас прокуратура жұмысымнан кінарат тапса, жауапкершілік арқалаудан қашпаймын дегенге келтірді.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Қазір Бас прокуратура тергеу жүргізіп жатыр. Егер жұмысыма қатысты сауалдар туындайтын болса, онда оған жауапкершілікке тартылуға әзірміз. Мен жазадан қашпаймын.

Семей орманы резерватында бүгінде 66 өрт сөндіру техникасы бар. Министрдің айтуынша оның 95 пайызы қолданысқа жарамсыз. Әзірге өртенген орман алқабының шығын көлемі нақтыланбаған. Белгілісі, оны тазартудың өзіне үш-төрт жыл керек. Ал жасыл желекті қайта қалпына келтіруге ондаған, бәлкім жүздеген жыл қажет.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

03 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде