Автонесие қаражаты енді қоғамдық көлікке жұмсалады
Жеңілдетілген автонесие жалғаса ма? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі әуелде тәп-тәуір басталып, арты сиыр құймышақтанып кеткен бағдарламаның ары қарай тағдыры не болатынын айтты. Жауапты ведомство бағдарламаның айналымдағы қаражатын енді қоғамдық көліктер, яғни автобус сатып алуға жұмсамақшы.
Автор: Айғаным Достанбай
20.06.2023
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Әрқашан қолда бар ақшамен жұмыс істейміз. Дұрыс па? Бар ақша – 100 миллиард. 13 мың қазақстандық көлік алды ғой. 100 миллиард толық игерілді. Бағдарламаны жауып қойған жоқпыз. Ақша жұмыс істеп тұрсын дедік. Енді сол ақшаны тек көлік алуға емес, 9 миллион 300 мың қазақстандықтың талабына сәйкес жұмыс істейік дедік.
Министрлік бағдарламаның бағытын жетілдіруге кірісіп кеткен. Бірнеше нұсқаны қарастырып, автопарктердегі жолаушылар автобусын жаңартуға жұмсайтын болып шешкен. Қарабаевтың айтуынша, елімізде 10 525 қоғамдық көліктің 46 пайызы әбден ескірген. «Әзірге әкімдіктер екі мың автобус алуға өтініш беріп отыр. Елімізде күніне 9 миллионнан астам адам автобуспен қатынайды, осы салаға басымдық беріп отырмыз» деді министр. Дегенмен бұл өзгерістердің біраз жыл бұрын басталған алғашқы автокредит бағдарламасына қатысы жоқ екен. Әңгіме "Оператор РОП" компаниясының қаражаты есебінен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы іске асырылып жатқан бағдарлама туралы. Және автобустарды сатып алуға қолда бар қаражаттың бәрі емес, ақпан айынан бері жиналып тұрған тек белгілі бір бөлігі бағытталады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!