{metadescription}
Атырауда мембағдарламамен салынған үйлер сапасыз болып шықты
Атырауда мембағдарламамен салынған үйлер сапасыз болып шықты

Атырауда мембағдарламамен салынған үйлер сапасыз болып шықты

Атырауда мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы сын көтермейді. Үш жарым миллиард теңге жұмсалған 300 пәтерлік үйдің тұрғындары осылай деп шу шығарды. Негізінен әлеуметтік осал топтарға берілген баспаналарда қыста жылу жоқ, жазда су тапшы.

Коммуналдық мәселелерді шешуге жергілікті билік те құлықсыз дейді жиналғандар.

Атырауда құны үш жарым миллиард теңгеге салынған үйден үш жылға жетпей шу шықты. Баспаналар мембағдарламамен Атырау облысы  әкімдігіне қарасты әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы салынған екен. Құрылысын «Каспийская кадровая ассоциация» компаниясы жүргізген. 2019-20 жылдары медицина мамандарына ипотекаға, ал көпбалалы аналарға жалдамалы пәтер ретінде беріліпті. Баспаналы болып бөркін аспанға атқан аналардың қуанышы ұзаққа созылмаған. Өйткені сапасыз құрылыстан, баспанасы қыста жылымай, жазда ауыз сусыз қалған. 

Сәуле Амалбаева:

- Жертөле суға толып кетеді. Кәріз иісі бүкіл үйді алып кетеді. Жапжаңа үй. Үш жыл бұрын ғана алдық. Енді бейнетін көріп отырмыз. Құбырларын келіп жаңартты. Бірақ еш өзгеріс жоқ. Су үй астына кетіп жатыр. Жауаптылар келеді де, кетеді.

Нұрсұлу Келемісова:

- Әкімдік қалай қабылдап алған? Соған таң қаламын. Құбырының бәрі балалар алаңының астымен кеткен дейді. Жалпы ол жобаға сай ма?

Су құбырлары ойын алаңынан астымен жүргізіліпті. Құдықтар суға кілкіп тұр. Балалар алаңы бір күні опырылып түсе ме деп қорқады тұрғындар. Алайда тұрғын үй шаруашылығына жауаптылар кем-кетікті көп ұзамай ретке келтіреміз дейді.

Бақтияр Хамидуллаев, Атырау ТКШ бөлімі басшысы:

- Өз жоспарымыз бар. Осы жердегі ыстық су құбырын ауыстырамыз. Жоспарға енгізіп қойдық.

Алайда құрылысқа жауапты басқарма бар кемшілік мердігердің мойнына ілінеді дейді. Өйткені 300 пәтерлі үйді қабылдап алғалы құрылыс сапасына сын көп айтыла бастаған.

Нұрберген Құсайынов, Атырау облысы құрылыс басқармасының басшысы:

- Әрине, мердігер мекеме тарапынан кеткен кемшіліктер. Мұны мекеме өз тарапынан жауаға міндетті. Және оны істеуге жеке міндеттейміз

Құрылысты жүргізген  «Каспийская кадровая ассоциация»  компаниясына бірнеше мәрте ескерту жасалыпты. Кепіл мерзімі бітпей тұрып мердігерге кем-кетікті жасау міндеттелген. Құлсары қаласында да дәл осы серіктестік сапасыз салған 300 пәтерлі үйді Жылыой ауданының әкімдігі қабылдап алудан бас тартып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде