Сусыз қалған Алматыдағы «Еңбек» бірлестігінің бау-бақшаcы қурап жатыр
Алматыда бүтін бір «Еңбек» бірлестігі бау-бақшаcын суғара алмай отыр. Су жоқтығынан 180 үй есік алдындағы жеміс-жидек пен көкөнісін көгерте алмай жүр. Кейбірінің бақшасы қурап, солып қалған. «Маңдай теріміз зая кетпесін» деген зейнеткерлер қыруар қаржыға су таситын көлік жалдап, екі ай амалдап келген. Енді шыдамы таусылып, әкімдіктегілерге наразылық білдірді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
21.06.2023
Юрий Панюковтың «Еңбек» атты бау-бақша бірлестігінде көкөніс пен жеміс-жидек егіп ермек қылып жүргеніне 30 жылдан асқан. Бірақ биыл суғаратын судың жоқтығынан кейбірі солып, енді бірі қурап жатыр. Қазір зейнеткер аптасына бір рет су тасушыны 7 жарым мың теңгеге шақырып амалдап отыр.
Юрий Панюков:
- Суды өшіріп тастағанын 9 мамырда естідік. Ешкім ескертпеді. Алдын ала айтса, дайындалар едік. Енді егіп қойған көкөніс қурап жатыр, су жоқтығынан алма түсіп жатыр. Обал ғой.
Жергілікті тұрғындар суғаратын суды осыған дейін Ақсай өзенінен алып отырған. Жұрт өткен ғасырда өздері қаражат жинап құбырларды да сатып алып орнатқан. Бірақ 30 жыл тыныш жатқан жерді әкімдіктегілер әй-шәй жоқ талқандап кетті дейді.
Бақытжан Жамалов:
- Әкімдіктегілер біздің құбыр жатқан жерді біреуге берген. Олар енді сол жерге жолатпай, құбырларды алып тастаңдар деп отыр. Құрылысты жүргізуге әкімдіктегілер не үшін рұқсат берді? Әуелі құбырдың иесімен немесе тұрғындармен ақылдасуы керек еді ғой. Бәріне кінәлі әкімдіктегілер.
Ал шенділер құбырларды алып тастауға «мәжбүр болдық» деп отыр. Өйткені дәл сол жерге су сүзгілеу станциясы салынып жатыр екен.
Фархат Жаңбыров, Наурызбай ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
- Су сүзгілеу станциясының құрылысы маңыздырақ болғандықтан, ол жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Құбырларды алуға мәжбүр болдық. Қазір инженерлермен біздің қарастырған варианттарымыз қарастырылып жатыр. Нақты бір шешімге келген кезде, суғаратн суды қосуға ықпал етеміз.
Не де болса бау-бақшаны суғаратын суды келесі айда жібереміз деп сендірді шенділер. Жалпы Наурызбай ауданында су жетіспеушілігі өте өзекті тақырыптың бірі. Осыған дейін аталмыш түйткілді көтеріп, жергілікті тұрғындар бірнеше мәрте наразылық білдірген еді. Әкімдіктегілер аудандағы ауыз су мәселесі 2025 жылға дейін толық шешіледі деп отыр. Расында да шешімін табады ма, әлде бұл кезекті құрғақ уәде ма? Оны енді екі жылдан кейін көрерміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!