ШҚО: Шемонаихада газ құю бекеті жарылды
Шығыс Қазақстан облысында газ құю бекеті жарылды. Апаттың арты алапат өртке ұласып, төрт адам ауруханаға жеткізілген.
Автор: Ұлан Нұрахмет
22.06.2023
Оқыс оқиға Шемонаиха қаласында болды. Газ толтырылған цистерна атылып, жарықшақтары жарты шақырым жерге дейін ұшқан. Қазір газ құю бекеті орналасқан аумақ жабылып, көлік қозғалысы дереу тоқтатылған.
Абырой болғанда айналадағы үйлерге зақым келген жоқ. Бірақ бес көлік бүлінді. Сондай-ақ денесін күйік шалған төрт адам жергілікті ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің ішінде газ құю бекетінің 48-49 жастағы екі қызметкері бар. Өрт ошағында қалған сол екі науқастың жағдайы тым ауыр дейді дәрігерлер. Ал денесінің 15- 20 пайызын күйік шалған тағы екі науқас дәрігерлердің бақылауында. Олардың өміріне еш қауіп жоқ. Қазір мамандар жарылыстың неден болғанын анықтап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!