{metadescription}
Алматы әкімі құрылыс компанияларының үрейін ұшыруда
Алматы әкімі құрылыс компанияларының үрейін ұшыруда

Алматы әкімі құрылыс компанияларының үрейін ұшыруда

Алматыда 364 ғимарат қауіпті жер қыртысында орналасқан. Жаман айтпай, жақсы жоқ, зілзала бола қалған жағдайда бұл нысандар жермен-жексен болуы мүмкін. «Алдағы уақытта осыған қатысты арнайы бағдарлама әзірлейміз» - деді елордаға келіп есеп берген Алматы әкімі.

Дегенмен сейсмоқауіпті аймақтардағы жұмысты бірден жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл шаралар бірнеше жылға созылады деді Ерболат Досаев. Әкім автотұрақтарға енгізілетін міндетті төлемнен бастап, өзін премьер-министр лауазымына лайық көретіндерге қатысты да жауабын берді.

Бір өңірді бірнеше жыл басқарған әкімдердің уақыт өте сүйкімі қашатыны заңдылық, бірақ шаһар басшылығына келмей жатып, петициядан көз ашпағандардың алғашқысы – Ерболат Досаев. Содан бері де жыл төрт ай шамасында уақыт өте шыққан. Қызметіне кірісе сала, күресті Сағынтаев секілді жезөкшелерді қуалаудан бастамаса да, бір жарым жылда Досаев құрылыс компанияларының қорқынышты түсіне айналды. Тіпті ел ішінде «сүргіш әкім» деген лақап аты да бар.

Ерболат Досаев, Алматы әкімі:

- 71 объектімен соттасып жатырмыз. Оның ішінде 17 объектінің ішінде сот шешімі шықты. Басқасы қаралып жатыр. Өйткені бізге жіберген хабарлама бар. Алдындағы статистикасын қараған жоқпын, қалай жұмыс істегенін. Бірақ өткен жылда, биыл өздеріңіз көріп отырсыздар, сот шешімін алу ең қиыны. Қазір 71, оның ішінде 51-і әл-Фараби көшесінің үстіңгі жағында.

Дегенмен  қалада жаңа құрылыс нысандарының қарқыны басылған емес. Медеудің маңайында былтыр 22 гектар жер тұрғын үй құрылысына берілгені туралы дерек бар. Ал Сәтпаев көшесінің қауіпті аймақтарында да белгісіз бір нысанның іргетасы қаланып жатқанын жұрт көзінен жасыру мүмкін емес. Тек Досаев қана бұдан бейхабар екен. «Мен әкімдікке келгелі ешқандай да жаңа құрылыс бастауға рұқсат берген жоқпын» деп сендірді.

Заңды құжаттан жұрдай құрылыс компанияларын тәртіпке салып жатқанымен, 2022 жылдан бері әкімдіктің өзі жер телімдерінің саудасын қыздырдырып әлек. Былтыр Алматы әкімдігі 205 жер учаскесін сатып алған. Осыншама жер телімін қандай мақсатта пайдаланатыны туралы Ерболат Досев былай деді.

Ерболат Досаев, Алматы әкімі:

- Өткен жылы жер учаскелерін сатып алуға бюджеттен 22,6 млрд теңге бөлінді. Биыл біз 32 млрд. теңгеден астам қаржы бөлдік, оның ішінде 17 млрд. теңгеге алты айда радиал жолдарды тесу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жаңа қоғам кеңістігін құру, мектептер, емханалар, спорт залдарын қоса алғанда, құрылысқа учаске сатып алдық.

2006 жылы Ерболат Досаев денсаулық сақтау министрі лауазымында отырғанда Шымкентте 150-ге жуық бала ВИЧ-ке шалдығып, басы дауға қалғанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Араға 17 жыл салып сұмдық жайт Алматыда тағы қайталанды. Осы жағдайдан соң әкім орнын босатсын дегендердің қарасы аз болмады. Досаевтың бұған қатысты пікірі мынадай.

Ерболат Досаев, Алматы әкімі:

- 17 жыл өтсе де, менің жауапкершілігіме қатысты сұрақтар әлі қойылады. Мен 2006 жылы сала басшысы ретінде өз жауапкершілігімді түсінгенмін, өзімді жауапты адам ретінде көрсеттім деп те ойлаймын.  Шымкенттегі жағдайды да сол кездегі денсаулық сақтау министрлігі анықтаған еді. Мұндағы мәселелер жөнінде де хабардармыз. Жұмыс жалғасып жатыр, осы жылдары қадағалау айтарлықтай күшейтілді. Сондықтан регламентке сәйкес, жансақтау бөлімінде көмек көрсетілген соң, 30 күннен кейін бәрі тиісті тест тапсырады. Сонда екі адам анықталды, одан кейін 213 маусым күндері қалалық ЖИТС орталығымен барлық қажет жұмысты жүргіздік және тағы бір жағдайды анықтадық.

Кез келген адамның қалтасы көтере бермейтін қымбат жейдесіне дейін жұрттың аузында жүретін Досаевтың жұбайына қатысты ақпарат та елді елең еткізбей қоймайды. Алматының сыртқы жарнамасының үлесі Ерболат мырзаның әйелі Гүлнәр Қапароваға тиесілі екені туралы әңгіме желдей ескен болатын. Әкімнің сөзінше, Досаевтардың әулетінде қазір жарнама бизнесін жүргізетін ешкім жоқ. Өздеріне қарасты акцияның 15 пайызын былтыр сатып жіберген екен.

Біздегі кей сарапшылардың премьер-министр лауазымына Ерболат Досаевтың кандидатурасын лайық көретіні осыған дейін талай айтылып жүр. Дегенмен мегаполис басшысы қазіргі қызметіне дән риза екен. Оның пайымынша, бір жыл төрт ай  тым аз. Бастаған ісін соңына дейін жеткізу үшін, жоқ дегенде 2025 жылға дейін уақыт керек деп отыр. «Ал арғысы президент құзіретінде» - деп, Алматы әкімі қысқа қайырды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде