СІМ: Париждегі жарылыста зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ
Париждегі жарылыста зардап шеккендердің арасында отандастарымыз жоқ. Бұл туралы сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Қаланың қақ ортасында болған төтенше жағдай кезінде 37 адам жарақат алған. Оның төртеуі ауыр хәлде.
Автор: Асқарбек Қазанғап
22.06.2023
Жақын маңдағы үйлерден 20 отбасы эвакуацияланған. Құтқарушылар таратқан ақпаратқа қарағанда, үйінді астында тағы екі тұрғын болуы мүмкін.
Оқыс оқиға орталықтағы Париж америкалық академиясында болды. Дүмпудің қатты болғаны соншалық, ғимараттың алдыңғы қабырғалары қираған. Алдын ала тергеу мәліметі бойынша газ балоны жарылған. Тұрғындардың кейбірі жарылыс алдында газдың иісін сезгенін айтады.
Квентин Юбертис, Париж тұрғыны:
- Шіркеу алдында телефонмен сөйлесіп тұрған уақытта қатты жарылыс естілді. Тіпті құлағым шыңылдап кетті. Жалмажан қауіпсіз жерге барып тығылдым. Жапа шеккен адамдардың аз болуын тілеймін!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!