Ұстаз жалақысының артуы жемқорлықты көбейткен — 3 жылда 343 қылмыс
Үш жылда 343 қылмыстық іс! «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң қабылданып, ұстаздардың жалақысының артуы аталмыш салада коррупцияны да көбейтіпті. 2020 жылдан бері 255 білім саласының қызметкері парамен ұсталған. Әсіресе, Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы облыстарындағы білім саласы былыққа батқан.
Автор: Айғаным Достанбай
23.06.2023
Олардың бармақ басты, көз қысты әрекеттерінен мемлекетке келген шығын 11 миллиард теңгенің айналасында. Антикор қазір еліміздің 20 өңірінде тексеріс жүргізіп жатыр.
Бума-бума ақша олигархтың емес, қарапайым есепшінің үйінен шыққан есепсіз байлық. Білім бөлімінің басшысы ұсталды, білім басқармасының бас есепшісі жымқырды деген ақпараттардан таңымыз атып, күніміз бататын болды. Білім саласын қаржыландыру артқан сайын, саладағы жемқорлық та тамырын тереңге жайып үлгеруде.
Алысқа бармай-ақ, таяудағы Жетісу мен Қызылорда облыстарында шу тудырған жағдай, жұрттың жағасын ұстатты. Балалардың біліміне, мектептердің техникалық базаларына бөлінген мемлекеттің миллиондары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен.
Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты:
- Бүгінде барлық 20 өңірде аудит жүріп жатыр. Біз енді талап етіп отырмыз. Аудитті үш бағытқа қарай жүргізсе. 1-ші бағыты, бұл мектептің толық материалды техникалық базасына инвентаризация жүргізсе. Біз 6500 мектепте материалдық жағдайында не бар, не жоқ, несі жымқырылғанын ел болып білуіміз қажет. Бізде бухгалтерлік, яғни қаржы есеп бөлімі қызметкерлерінің саны жетіспейді.
Соңғы үш жылда білім беру саласына 12 триллион теңге бөлінген. Иә, миллион, миллиард емес. Бақандай 12 триллион. Бұл жалпы алғанда 2021-2023 жылдар аралығындағы бюджет шығынының 20 пайызы. Осы жылы білім саласын қаржыландыру тағы 5 миллиард теңгеге көбейді. Бұл, әрине, елдегі педагог мәртебесінің аясында жасалып отырған қадамдар. Дегенмен осы жылдар бойы талқыға түсіп, зорға дегенде жүзеге асқан «мәртебені» май-шелпекке айналдырып отырғандар антикордан да айласын асыруда.
Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:
- Білім басқармаларының қызметкерлері мектепте мұғалім ретінде тіркеледі. Сосын басшы болып ақша ала береді. Яғни ол бақылаушы мекеме болғандықтан, директор, басқа мектеп оқушылары ештеңе айта алмайды. Сондықтан өз қол астындағы мекеменің басшысы болып, осылай ақша ала береді.
Статистиканы сөйлетсек, 2020 жылдан бері білім беру саласында 343 құқық бұзушылық тіркелген. Бармақ басты, көз қысты әрекетке барған осы саладағы 255 адамның қылмысы әшкереленді. Ақыр аяғында мемлекетке келтірілген залал мөлшері 11 миллиард теңге. Осыншама сомаға замануи жабдығымен 1500-2000 орындық төрт-бес мектеп салуға болар еді.
Асхат Жұмағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Мысалы, Ақтөбе қаласындағы мектеп бухгалтері бір жыл бойы 200 миллион теңгені шотына аударып отырған. Жалпы алғанда 2018 жылдан бастап 390 миллион теңгені жымқырған. Бұл азамат күнделікті, тіптен араға күн салмай қаражат аударған. Құзырлы органдар тексерісті бастамаса, бұл пысықай әлі күнге дейін өз ісін жалғастыра беретін еді.
Жоғары аудиторлық палата тек қана республикалық бюджеттің жұмсалуын тексеруге құқылы. Депутаттар алдағы уақытта Үкіметке ұсыныс енгізбекші. Бұдан былай аудиторлық палата әкімдіктерге бөлінген қаражаттың да қалай, қаншалықты тиімді жұмсалғанын тексеруге мүмкіндік алуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!