{metadescription}
Жетісу облысында Текелі халқы суға зәру
Жетісу облысында Текелі халқы суға зәру

Жетісу облысында Текелі халқы суға зәру

Жетісу облысында бүтін бір Текелі қаласының халқы суға зәру болып отыр. Күн жылынса, үйіне саз-балшық, қоқыс аралас су ағады дейді. Сұмдық лай болғаны соншалық, тіпті қымбат сүзгілер де ұзаққа шыдамай бітеліп қалады екен.

Әкімдіктегілердің жылда шешеміз деген уәдесіне әбден тойған бұқара қазір амалсыздан жер-жерден пайда болған бұлақтан су ішіп жүр.

Текелі тұрғындарының жиі келетін жері. Мұнда таңда да, кешке де адам саны үзілмейді. Өйткені дәл осы жерден тап-таза, мөлдір су ағады. Текелінің қала деген мәртебесі болса да, суға бола жұрттың бұлай сенделуіне не себеп?

Жанқия әжейдің күнделікті таңы осылай атады. Жасы келіп қалса да, қолына бес литрлік екі бөтелке ұстап алып таза су табу үшін үш шақырымды еңсереді. Жаяу жүруге мұршасы болмаса, тірішілік нәрін қып-қызыл ақшаға дүкеннен сатып алып амалдап жүр.  

Жанқия Мұратәленова:

- Шаршадық қой әбден. Текеліге көшіп келгеніме 17 жыл болды. Әлі лай су ішіп келе жатырмыз. Жылда әкім ауысады. Жылда «жасаймыз» дейді, әлі келе жатыр ғой.

Лай суды текеліліктер ішу түгілі, кір де жумайды. Өйткені киімің тап-таза болып шығудың орнына, одан бетер кірлеп шығады. Сорақысы, қоқыр-соқыр мен батпаққа толған судан техника да жиі күйіп кетеді дейді.

Сара Игілікова:

- Жазды күні аппақ кірді жуа да алмаймыз. Аппақ кіріміз қапқара болып шығады. Сонда да қолмен жууға тырысамыз.

Әкімдіктегілер ауыз су мәселесін ауқымды бір проблема деп қарамайтын сияқты. Бірақ лай суды іш десең, ішпейді. Сөйтсе жергілікті тұрғындардың үйіне су Қора өзенінен келеді екен. Ал ол ылғал көктем мен күзде мұздықтар еріген соң қатты лайланып кетеді.

Сері Болысбайұлы, Текелі қаласы әкімінің орынбасары:

- Осы мәселе Текелі қаласымен құрдас десек болады. 2018 жылы жоба жасалып, төрт ұңғыма қазылды. Қорытынды алғаннан кейін ұңғымалардан қаланың су жүйесіне қосатын жоба жасалды, бір миллиард бөлініп, былтырдан бастап іске асырылып жатыр.

Әкімнің орынбасарының сөзіне сенсек, қалада су мәселесі биыл күзде толық шешіледі. Бірақ тұрғындар шенділердің енді ғана кірісіп жатқанынана аң-таң. Сапалы, таза су енді текеліліктерге тек арман болып қалмаса болғаны.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.