{metadescription}
Әйелін пышақтап өлтірген Талғат Нұртаевқа қатысты үкімнің күші жойылды
Әйелін пышақтап өлтірген Талғат Нұртаевқа қатысты үкімнің күші жойылды

Әйелін пышақтап өлтірген Талғат Нұртаевқа қатысты үкімнің күші жойылды

Қоғамда дау туғызған сот үкімі күшін жойды. Іс енді қайта қаралатын болды. Алматы соты заңгер әйелін пышақтап өлтіріп, тек бір жарым жылға түрмеге тоғытылған Талғат Нұртаевқа қатысты үкімнің күшін жойды.

Өйткені аса ауыр қылмыс жасаған қаскөйге кесілген жазаның тым жеңіл екенін айтқан марқұмның жақындары мен туыстары сотқа қарсы апелляциялық шағым түсірген болатын. Қайғылы жағдай халық арасында да үлкен дау тудырды. Енді сотталушыға қатысты келесі отырыс бір айдан кейін басталады.

Адвокаттың өлімі бойынша іс 2022 жылдың қазан айында басталып, нүктесі өткен аптада қойылды. Бұрынғы әйелін 18 рет пышақтап өлтірген қаскөйге кесілген үкім бір жарым жыл ғана. Бұл қоғамда үлкен дау тудырып, марқұмның туыстары мен қорғаушысы «тергеуде шикілік көп» деп, сотқа қарсы апелляциялық шағым түсірді. 

Рүстем Садықов, марқұмның інісі:

- Сот шешімімен ешбір келіспейміз. Өйткені бір жарым жыл, аса қатігездікпен өлтірген адам осы жарты жылдан кейін бостандыққа шығады. Апайым қайтыс болғаннан кейін осындай сот шешімі бізге екінші рет үлкен бір соққы болды. Тергеудің істері де дұрыс жүргізілген жоқ, біріншіден. Видеода көргендей, көптеген куәгер дейді ғой. Оларды іздестіріп, олардан ешқандай мәлімет алмаған.

Айман Асановадан айдын-күннің аманында айырылып қалған жақындары сол күнді қорқынышпен еске алады. Марқұмның бұрынғы күйеуі Талғат Нұртаевтың оған пышақ жарақатын салғаны бақылау камерасына жазылып қалған. Қайғылы оқиға дәл үйінің алдында болыпты.

Рүстем Садықов, марқұмның інісі:

- Дәл осы жерден камера барлық жағдайды түсірген. Осы жерде көлік тұрған. Қылмыскер осы көліктің артына жасырынып, апайымды, Айманды пышақтаған. Айман кішкене ары жүгіріп, артқа кеткен болатын. Камерадан көрініп тұр. Қылмыскер келіп, үстінен отырып пышақтаған. Одан да көп соққы жасаған.

Осылайша апелляциялық шағымға қатысты бүгін қайта сот отырысы өтті. Алматы соты үкімнің заңды күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді.

- Талғат Еркінұлы Нұртаевтың қатысуымен Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 17 мамырдағы үкімінің күшін жою туралы шешім қабылдады.

Қасақана адам өлтіру бабын Нұртаев ашу ісінде жасаған қылмыс деп өзгертуін бүгінгі сот алқасы негізсіз деп таныды. Онымен қоса 4 тармақ бойынша алдыңғы тергеуге сұрақтары бар.

Жохар Өтебеков, марқұмның адвокаты:

- Енді біз алдағы отырыстарда тергеудің тиянақты жүргізіліп, прокурордың аса ауыр қылмыс жасады деп айыптауын сұраймыз. Өйткені өлімге әкеп соқтырған 18-ден де көп пышақ жарақаты мен соққы салдары бар. Мұндай ауыр қылмыс жасап, адамды азаптап өлтіргендерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Адам өлтіру бабы бойынша ,ең аз дегенде, сегіз жылдан астам түрмеде отыруға тиіс. Біз істі соңына дейін апарамыз.

Енді қайта қаралатын сот отырысы бір айдан кейін өтуі мүмкін дейді адвокат. Оны аудандық сотта өзге судья жүргізеді екен. Оған дейін сотталушы Талғат Нұртаев абақтыда отырады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде