Төрт жасар баланың саусағын әткеншек жұлып кеткен – Атырау
Атырауда жекеменшік балабақшаның тәрбиеленушісі оңбай жарақат алды. Төрт жасар бүлдіршіннің саусағын әткеншек жұлып кеткен. Қызының бөлініп қалған дене мүшесін әкесі жерден тауып алыпты. Ал мектепке дейінгі мекеме өкілдері оқиғаның қалай болғанын жасырып отыр. Тіпті бақылау камерасындағы жазбаны көрсетуге де құлықсыз.
Автор: Жанат Молдашова
27.06.2023
Төрт жасар Әсияның ата-анасы делсал күйде. Кеше түскі уақытта балабақша тәрбиешілері хабарласып, бүлдіршін қолын ауыртып алды деп шақыртқан. Тіпті «жедел ауруханаға бара жатырмыз» дегенде ата-анасы жанын шүберекке түйіп уайымдаған. Олар дереу балалар ауруханасына жеткенде қыздарының жарақатын көріп шошып кеткен. Сөйтсе, қаршадай қыздың саусағының жартысы жоқ. Жұлынып қалған дене мүшесінің бір бөлігін әкесі балабақшадағы әткеншектің айналасынан тауып алыпты. Алайда бұл жағдайдың қалай болғаны бейнебақылау камерасына жаылмай қалған дейді Әсияның әкесі.
Ержан Тәженов, Әсияның әкесі:
- Мардымды ештеңе айта алмайды. Тәрбиешісі үлкен кісі «алаңдап қалдым» дейді. Сол уақытта болған жағдай дейді. Кеше болған жерді қарадым. Қандай зат болуы мүмкін, баланың саусағын жұлып алатындай. Сүйегі мен етімен бірге. Тырнағы деп айтып жатыр дейді. Тырнағы емес. Саусағының басы жоқ. Сүйегімен, етімен бірге. Камерада анық ештеңе жоқ. Тек баланы алып бара жатқан жері түскен. Болған жағдай түспеген.
Балабақша қызметкерлері оқыс оқиғаны жасырып, жабуға тырысуда дейді жәбірленуші қыздың әкесі. Тіпті әткеншектен жарақат алғанына да сенбейді. Өйткені ол арқаннан есілген. Саусақ жұлынатындай қауіпті емес көрінеді. Ал балабақша өкілдері оқиға болған орынды және бейнежазбаны көрсетуден бас тартты. Басшымыз еңбек демаласында екенін айтып ата-анадан кешірім сұрадық деп ақталды.
Жанаргүл Сұлтанғалиева, «Нартайлақ» балабақшасының әдіскері:
- Күндізгі серуен кезінде әткеншекте ойнап жүргенде қолынан сондай жағдайға ұшырады. Басқа ештеңе айта алмаймыз. Қазір көрсете алмаймын. Ішке кіргізе алмаймын. Мен директор емеспін.
Ал мекеме меңгерушісі «оқиға орнын өз көзіммен көрмейінше, жан баласын жолатпаймын және бақылау камерасындағы жазбаны да көрсетпеймін деп кесіп айтты. Ал саусағынан айырылған бүлдіршіннің жағдайы қалыпты екен. Десе де сол жақ қолындағы төртінші саусақтың бір буыны жұлынған дейді дәрігерлер.
Оқиға болған «Нартайлақ» балабақшасы 2013 жылы ашылыпты. Жекеменшік мекемеде 120 бала тәрбиеленіп жатыр. Биыл бұл балабақшаға мемлекеттік субсидия ретінде 53 миллион теңге қаржы бөлінген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!