Алматының Орталық мешітінде өткізілген жәрмеңке қайырымдылыққа арналды
Құрбан айтқа орай Алматыда киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрінен сайыстар ұйымдастырылды. Ең бастысы, құрбандыққа мал шалу дәстүрі де тасада қалмады. Қазір оңтүстік астанадағы 14 мешітте мал союға рұқсат етілген. Биыл діни амалды жасағысы келген мұсылман қауымның қарасы қалың.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
28.06.2023
Таңғы сағат алты. Қалың жұрт малдас құрып отыр. Мінберде — бас имам. Осылайша орталық мешітте бүгін Құрбан айт намазы оқылды. Кейін киіз үй тігіліп, ақсақалдарға арнайы дастарқан жайылды. Жастардың кейбірі білек күшін сынау үшін қол күрестірсе, енді бірі кір тасын көтеріп жарысты. Өзгесі арқан тартып бір терлеп алды.
Бекзат Сыздықов, Алматы орталық мешітінің наиб имамы:
- Ең ұлық мұсылманға тән екі мереке болатын болса, соның ішінде Құрбан айт бәрінен жоғары тұрады. Ерекшелігі — Алла тағалаға жақындау. «Құрбандық» деген сөздің өзі адам ізгі ниетімен шалған құрбандығымен Аллаға жақындап, тақуалылығын көрсетіп, Құдайға деген сенімін дәлдейтін мерекенің бірі.
Мешіт алдында жәрмеңке де өтті. Бірақ үстел үстіне жайылған бәліштер тегін емес — ақылы. Жиылған қаражат қайырымдылыққа кетеді.
Гүлмира Ілесбайқызы, Алматы “Әйел-қыздар” секторының жауапты маманы:
- Бірінші балалар үйіне көмек береміз. Одан бөлек, өзіміздің қарттарымыз бар. Оларға азықтүлікпен көмектесеміз. Арамызда көпбалалы отбасылар бар. Соларға азық-түлікпен көмектесеміз.
Мешіт қызметкерлері азық-түлікпен көмектессе, жағдайы жеткен жұрт құрбан шалып, мұқтаж адамдарға таратуда. Өзі зейнеткер болса да, айтулы мейрамда 1992 жылдан бері қарай бірде-бір рет бейжай қалмағандардың бірі — Қатира әжей. Ай сайын түсетін зейнетақысының бір бөлігін буып-түйіп, бүгін де тоқты сатып алыпты. Енді құрбан шалып, еттің басым бөлігін жағдайы төмен отбасыларға беруді көздеп отыр.
Қатира Жамашқызы:
- Қаншалықты аямай, шын ниетіңмен құрбан шалсаң, мұқтаж адамдарға таратсаң, соншалықты өз берекесін береді. Жыл сайын ләззат алып, шамамыз келгенше... Қазір зейнеткермін. Осында құрбан шалып жатырмыз. Айналамызға қарап, шамамыз келгенше бірбірімзге көмектесуіміз керек.
Негізінде құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малы жарамды. Бастысы, соқыр, ақсақ, тым арық болмау керек. Бірақ аталмыш мейрам күні базарларда төрт түліктің бағасы айтарлықтай шарықтап кететінін ескерсек, қарапайым халықтың басым бөлігі қалтасы көтеретін ұсақ малды құрбандыққа шалатын болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!