Шетелге заңсыз асқан активтерді қайтарудың жолы заңмен бекітілді
Шетелге заңсыз асқан активтерді елге қайтарудың жолы заңмен бекітілді. Біраздан бері парламент талқысынан өтіп жатқан арнайы заң жобасын бүгін Сенат бекітті.
Автор: Мерей Қалиасқар
29.06.2023
Құжатқа сәйкес, заңсыз активі бар болуы мүмкін тұлғаларды Бас прокуратура жанынан құрылған уәкілетті орган күдіктілер тізіміне енгізеді. Ал қаржыны қайтару мәжбүрлі және ерікті түрде деп бөлінген. Мемлекет қаржысын немесе басқа да активтерін заңсыз иемденген азамат оны өз еркімен қайтаруға келіссе, ешқандай жауапқа тартылмайды. Бірақ ақша ұрлығынан басқа ауыр қымысқа қатысы барларға ешқандай рақымшылық жоқ, - дейді Бас прокурордың орынбасары. Ол санатта сырттай сот үкімі шыққан Бергей Рысқалиев, Мұхтар Әбіләзов, Әкежан Қажыгелдин, Виктор Храпуновтар бар. Бас прокуратура мен арнайы комиссияның тізіміне енгендер 90 күн ішінде активтерін қайтарудың жолын өзі таңдауы тиіс.
Ұлан Байжанов, Бас прокурордың орынбасары:
- Тізілімге кіргізілгеннен кейін үш ай ғана беріледі. Ашық, өзі еркін жариялайды, не болмаса содан кейін мәжбүрлі жол ашылады. Менің ойымша, қыркүйектен бастаймыз. Еркін, бәрін ашса, біз оған ешқандай сұрақ қоймаймыз. Тізімді, активтерді көрсетеді. «Мен кінәлімін, мен осы қылмысты жасадым» деп ешкім айтпайды. Ондай үмітті біз күтпейміз. Заңның мақсаты — қоғамға әлеуметтік жағдайды жеткізу.
Заң әлдебір қалталы азаматтарды немесе топтарды қудалау емес, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, халықты әлеуметтік қорғауға және елді экономикалық тұрғыдан дамытуға арналған. Мұны Сенат төрағасы да айтып отыр. Егер заңды жүзеге асыру процесінде проблема туындаса, өзгерістер енгізіледі, - дейді Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
- Бұл заңның негізгі мақсаты — елге, халыққа, мемлекетке ақшаны қайтару. Соған жұмыс істейді. Бұл заң өзгеруі мүмкін. Бұл біздің практикада бірінші рет. Қаңтар оқиғасы болды. Әділетті Қазақстан құрып жатырмыз. Сол себепті енді осындай процестерді жүзеге асыру үшін, біз тез арада осы заңды қабылдадық. Егер де ертең бір мәселелер де көріп жатсақ, біз оны күзден қалдырмай, осы жылдан қалдырмай, әрі қарай кіргіземіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!