Президент ІІМ алқа отырысында бірқатар тапсырма берді
Елімізде шетел көліктерін заңсыз әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатындардың қылмысына тоқтау болмай тұр. Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында бүгін Президент дәл осындай пысықайлардың жолын кесу керек деп тапсырма берді.
Автор: Айжан Шамшидин
30.06.2023
Өзге елдерден кірген автокөліктердің дені қазір заңсыз тасымалданады. Олар еш тіркеусіз қалада жүйткіп жүр. Мұндай темір тұлпарды тізгіндегендер жол жүру ережесін өрескел бұзып, көбі жазасыз қалуда. Жалпы, соңғы үш жылда жол апаты 9 пайызға өсіпті. Соның салдарынан 6 жарым мыңнан аса адам ажал құшқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек. Мәселен, жаяу жүргіншілердің кінәсінен тек биылдың өзінде 164 жолкөлік оқиғасы болып, 24 адам қаза тапты, 142 адам жарақат алды.
Президент полицияны қарашаға жақын болуды шақырды. Қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруы үшін әуелі тәртіп сақшылары өзін сыйлата білуі керек. Ал, заңға бағынып қатаң қағидаларды мүлтіксіз орындайтын азаматтарға құрметпен қарауы шарт. Адамды азаптауға, қинауға, тергеудің тыйым салынған тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Тоқаевты алаңдататын тағы бір мәселе шетелдік көліктерді әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатын қылмыстық жолдардың кесілмеуі. «Бармақ басты, көз қысты» әрекетке баруды қою керек деп кесіп айтты президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қоғамда заң мен тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіпөркендейді. Бұл мызғымас қағида. Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуге тиіс. Бірдебір құқық бұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!