{metadescription}
Президент қажылыққа барып алданып қалған қазақстандықтар мәселесін көтерді
Президент қажылыққа барып алданып қалған қазақстандықтар мәселесін көтерді

Президент қажылыққа барып алданып қалған қазақстандықтар мәселесін көтерді

Президент қажылыққа барып алданып қалған қазақстандықтардың жайына да тоқталды. Бір топ азамат Сауд Арабиясына барып тұрып, үлкен қажылық парызын өтей алмай, кері қайтуға мәжбүр болған.

«Зәм-Зәм Қазақстан» туристік компаниясы арқылы Меккеге аттанған жерлестеріміз қасиетті жерге табанымыз тигенімен, Қағбаға кіре алмадық деп жыларман болып отыр. Бірнеше күн полиция бөлімшесінде ас-сусыз жатқан олар енді ақшасын қайтаруды талап етуде. Сөйтсе туристік компания 300-ден астам адамнан 2 жарым мен 3 миллион теңге аралығындағы қаражатты қағып алып, арнайы визасыз алып барған. Осыған байланысты президент ішкі істер министріне мән-жайды жіті тексеріп, жауаптыларды жазасыз қалдырмауды тапсырды.  

Сейітжан мен Гүлайша Сауд Арабиясынан бүгін ғана елге оралды. Меккеге барып тұрып, үлкен қажылық парызымызды өтей алмай қайтқанымыз жанға батты дейді ерлі зайыптылар. Қасиетті жерге жете сала, екі тәулік автобустың ішінде қамалған отбасы көрген қорлығымызды сөзбен жеткізудің өзі қиын деп жыларман болды.

Гүлайша Нүсіпқожа:

- Екі автобус, сағат он бірде ұсталғанбыз, содан күн батқанша ұстап тұрды. Күн батқаннан кейін тағы бір жерге алып кетті. Сөйтсек, ол милицияның бөлімшесі екен. Тұрғызып қойды. Ол жерде де автобустан шығармайды. Көрген қиындығымыз көп. Тамақты айтпағанда, дәретханаға бара алмай қиналдық. Қиналсақ мейлі еді, қажылықты өтей алсақ. Қажылықты өтей алмадық.

Сейітжан Раббат:

- Отыр десе, отырамыз. Тұр десе, тұрамыз. Малай ма, бір нәрсе болып кеттік. Үстімдегі киім қапқара болып кетті. Қылмыскер болдық. «Шық-ей», «кір-ей». Апалар ұйқысы келгенде жерге жатты ғой. Иесі жоқ, қаңғып кеткен адам сияқтымыз. 70-80-ге келген шалдар жылап жатыр, сол жерде. Адам алдайтын компаниялардың көзін құрту керек.

Отбасымен бірге тағы үш адам өз қаражатымен елге әзер жетіпті. Қажылыққа барамыз деп қаңғып қалған жерлестеріміздің мәселесі үлкен шуға ұласқан соң бүгін Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісіне қатысқан мемлекет басшысы да арнайы тоқталды. Президент жүздеген адамды алдаған компанияны жауап тарту керек деген тапсырма берді.

Қасымомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді, кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Ал ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс.

Қазір Сауд Арабиясында тағы 300-ге жуық отандасымыз жүр. Барлығы «Зәм Зәм Қазақстан» туристік компаниясынан екі жарым мен үш миилион теңге аралығында жолдама сатып алған. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы аталған мекеменің қажылыққа адам апаратын квотасы, тіпті арнайы лицензиясы жоқ екенін мәлімдеген болатын. Соған қарамастан компания басшысы мүфтияттан виза алдық деп бет бақтырмай отыр. Ал парызын өтей алмаған адамдарға ақшасын қайтарамыз дейді. 

Данияр Ілиев, Zam-Zam Qazaqstan компаниясының басшысы:

- Біз квотаны мүфтияттың адамдарынан алдық. Қажылық басталмай тұрып алғанбыз. Квота дегенде, бұл жерде квота емес. Квота алған жоқпыз. Біз визаларды алдық. Қалған қызметті өзіміз сатып алдық. Қажылығын өтей алмаған 30-40 адам бар деп білемін. Енді ол келгеннен кейін анықталады. 30-40 адамға ақшасы толық қайтарылады, қажылығын өтей алмағаны үшін.

Құзырлы органдарға мүфтият та арыз жазған. Қасиетті жерге барып қиналып келген қазақстандықтар да полицияға барғалы отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.