Алматыдағы Ерменсай аяқ астынан жекеменшікке өтіп кеткен
Алматыда бір ғана құрылыс компаниясына бақандай 150 отбасы қарсы шықты. Өйткені таудың етегіндегі Ерменсай шағын ауданында бас жоспар бойынша жол салынуы керек болған жер аяқ астынан жекенің меншігіне өтіп кеткен дейді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
30.06.2023
Енді сол жерде 240 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы басталған. Нысан соғылып бітсе, онсыз да шешілмеген мәселесі көп ықшамаудан су тапшылығынан бастап, кептеліске тап болады дейді жұрт. Бүгін басы дауға қалған құрылыс компаниясына қатысты көшпелі сот отырысы өтті.
Қолында плакат. Жүзінде ашу. Шыдамы таусылған қарашаның жанайқайы. Бүтін бір Ерменсай шағын ауданы мына құрылысқа үзілді-кесілді қарсы. Кезінде бұл жерде спорт алаңы болған дейді. Қазір астаң-кестеңі шығып жатыр. Құрылыс компаниясы 240 пәтерлі 14 үйді тұрғызуды жоспарлапты.
Ахмет Қадікенов:
- Мысалы, мына жерде күнде 40 тонналық қытай КамАЗдары жүреді. Асфальтты бұзады. Оны орнына кім келтіреді? Асфальттың быт-шытын шығарды. 200 пәтерден артық болайын деп жатыр. Сонда қараңыз, 200 көлік күнде шығады. Біз де бәріміз таңертең шығамыз да, тірелеміз Ремизовканың бойында.
Расында да қазірдің өзінде шағын ауданнан әл-Фараби даңғылына түсу жырға айналған. Ұзын-сонар кептеліс. Көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталса, жол мәселесінен бөлек, су тапшылығын да тартамыз деп отыр. Өйткені қазірдің өзінде су қысымы төмен екен.
- Үкіметтің жері. Оны сатып жіберді. Нығматуллин ба, Новиков па, бәрі халықпен ақылдаспай, өз дегенін істеп жатыр.
Әу баста жол төселу керек болған бас жоспардың қалай өзгеріп кеткеніне жұрт аң-таң. Сөздерінше, заңды белшесінен басқан құрылыс компаниясы ықпалды адамдардың қолында.
Людмила Сеңгірбаева:
- Бас жопар бойынша бұл жерде жол болу керек. Бірақ 2022 жылдың күзінде әкімдік бір ғана айдың ішінде құрылыс компаниясына барлық құжатты дайындап, бас жоспарды өзгертіп берген. Қоғамдық талқылау болды дейді. Алайда ешқандай талқылау өтпеді. Өйткені құрылысты жүргізіп жатқан Tenacity Серіктестігінің басшысы Нығматулиннің ағайындары ма деп күдіктенеміз. Себебі, бас жоспарды өзгерту қарапайым адамның қолынан келмейді.
Бүгін осы құрылыс бойынша көшпелі сот отырысы өтті. Шағымын білдірген тұрғындардан бөлек, құрылыс компаниясы мен әкімдіктегілер де төбе көрсетті. Бірақ басы дауға қалған Серіктестік өкілдері жауап беруден бас тартты. Ал көлігімен сытылып кеткісі келген шенділер жұрттың ашуынан құтыла алмады.
Бекнар Берікұлы, Алматы жоспарлау және урбанистика басқармасының маманы:
- 2016 жылы нақты жоспарлау жобасы бойынша бұл жерде жол қарастырылған. Бұл кісілердің жері ғана емес, барлық Ерменсай ауданында үлкен жол болады деп. Алайда 2021 жылы қазіргі таңдағы жол мәселесі бойынша өзгеріс енгізілген.
- Қалай өзгеріс енгізіліп отыр? Қалай жекеге сатылып кетіп отыр?
- Бұл жекеменшік жер. Облыста болған кезде берілген. Алматыға көшкен кезде жекеменшік құқықпен болған.
Алайда бас жоспардың қалай өзгеріп кеткенін өзі де түсінбейтін сияқты. Мардымды жауап ала алмадық. Анталап тұрған тұрғындар бұл жерде жемқорлықтың иісі аңқып тұр дейді. Сондықтан қарапайым қараша құзырлы органдар шағымымызды естісе екен деп сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!