LRT құрылысына 50 миллиард, толық аяқтауға 250 миллиард керек
LRT-ның іске асуына кемі екі жыл керек. Астана әкімдігінің жоспары бойынша, бірінші кезекте 8 станция қосылып, 5 пойыз пайдалануға берілмек. Құрылысқа биылдың өзінде 50 миллиард теңге бөлініпті. Ал толық аяқтауға әлі 250 миллиард керек дейді елорда әкімі.
Автор: Мерей Қалиасқар
30.06.2023
2030 жылға қарай қала халқы 2 миллионға жетуі мүмкін деген Жеңіс Қасымбек, LRT-ны аяқтау маңызды деп отыр. Журналистермен бүгінгі кездесуінде әкім жылда жөнделетін көше мен жетпей жатқан судың мәселесіне де тоқталды.
Астанада жоқ-жоқ. «Су мен газды іздедім, үмітті үзбедім» деп жүрген елордалықтар жетіп артылады. Әсіресе жаздан бері су тапшылығын сезініп, біраз қиындық туындаған. Бүгін Жеңіс Қасымбек жаңа ауыз су станциясының бірінші кезеңі іске қосылғанын айтып, баяндамасын жағымды жаңалықпен бастады. Қалаға тәулігіне 35 мың текше метр су беріледі. Ал тамызда тамызып, су үнемдеп амалдаған астаналықтар тәулігіне 105 мың текше метр сумен қамтылмақ. Яғни алдағы 3-4 жылда қаладағы су тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі деп сендірді қала әкімі. Ал көмірден бір жола бас тартып, газға ауысатын күн қашан туады деген сауалға Қасымбек былай деп жауап берді.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
- Жалпы бұл жұмыс атқарылып жатыр. Қазір 12 мың абонентке газ берілді және биыл да қосымша осындай жұмыстар атқарылатын болады. ТЭЦ1,ТЭЦ-2 толығымен 16-17 қазандығы газға өтті. Локальды қазандықтар да 17, ол да газға қосылып жатыр. Газды біз Шұбарға апара жатырмыз, Үркерге де басқа да аудандарға.
«Қыста жылусыз қаламыз» деп алаңдауға да негіз жоқ деді әкім. Жылыту маусымына дейін үшінші жылу электр орталығының бірінші кезегі іске қосылады екен. Алайда сол судың да, жылудың да, электр энергиясының да сұрауы һәм ақысы барын қаперден шығармаған жөн. Себебі күзден бастап коммуналдық қызмет 20 пайызға қымбаттайды деді шаһар басшысы. Қалада одан басқа проблема жетеді. Жыл сайын 50 мың жаңа тұрғын көшіп келіп жатыр. Содан балабақша жетіспейді, ал мектептер балаға лық толы.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
- Жеке инвестиция аясында 30 балабақша келе жатқан Екі жыл ішінде салынады. Екі жыл ішінде 40 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде, жергілікті бюджет есебінен 13 мектеп пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Биыл жайлы мектеп жобасы бойынша 24 мектептің құрылысы бастау жоспарлануда. Бұл елордадағы оқушы орындарының тапшылығы мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.
Тағы бір мәселе сақалды құрылысқа қатысты. Басы даудан арылмаған құрылыс компанияларына тиесілі 16 заңсыз тұрғын үйдің мәселесі де шешімін таппақ. Рұқсатсыз басталған құрылыс аяқталып, тұрғындар өз пәтерінің кілтін алады деп жауап берді Қасымбек.
Тұрғындар арызы бойынша көтерілген түйткілдердің де түйіні тарқатылады. Мәселен, «Тоққа түспесек екен» деп жанын шүберекке түйіп отырған оң жағалаудағы Сырдария көшесіндегі тұрғындары көшірілетін болады. Ол үшін жарты миллиард теңге бөлінген. Ал құрылыс қалдықтарын көрінген жерге шашып кететін компанияларға қатысты бақылау күшейтіледі. Қоқыс полигонында қоқысты қабылдау тарифі де біршама арзандауы мүмкін. Сондай-ақ Талдыкөлдегі ескі зираттарға байланысты көп жылдық мәселе де оң шешімін таппақ. Енді «Талдыкөл», «Башан» және «Омар» жерлеу орындарына ресми мәртебе берілетін болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!