Павлодарда жүздеген отбасы ауыз сусыз қалған
Павлодарда жаз ортасында жүздеген отбасы ауыз судан қағылды. Себебі, көшедегі магистраль құбыр жарылған. Алайда оны коммуналдық қызмет өкілдері жөндеуге асығар емес. Өйткені 20 жыл бойы ауыспаған құбырлар еш мекеменің балансында жоқ.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
30.06.2023
Мұны атқамінерлер біледі. Сондықтан иесіз желілерге ақша бөле алмаймыз деп отыр. Су құбырын қалпына келтіруді тұрғындардың да қалтасы көтермейді.
Литвинова көшесіндегі құбыр екі апта бұрын жарылған. Содан бері мұндағы жұрт ауыз сусыз отыр. Себебі, коммуналдық апатты өз бетінше жасауға тұрғындардың шамасы жетпейді. Ал жауаптылар су құбыры иесіз болғандықтан, оны жөндеу біздің міндетіміз емес депті.
Зарина Муталяпова:
- Облыс, қала әкімдігіне, су арнасы басшыларына сауалымыз бар. Олар осы көшеде көпбалалы, жетім балаларды қамқорлығына алған отбасылар, зейнеткерлер мен мүгедектер тұратынын біле ме? Біз мұны қалай шешеміз? Жылда жазда ауыз сусыз қаламыз. Жөндеп алатын қаржымыз да жоқ.
«Екінші Павлодар»атанып кеткен бұл шағын ауданның тұрғындары онсыз да жыл бойы су тапшылығының зардабын тартқан. Бос ыдыстың бәрін алдын ала суға толтырып алады. Шүмектен тамшылап ағатындықтан, 200 литрді екі күн бойы жинайтын кез де болады. Аптап ыстықта аңқасы кепсе де, суды үнемдеуге тура келеді, - дейді тұрғындар.
Ал құбырдың баланста жоқ екенін естігенде шенеуніктердің өзі таң қалған. Су арнасы бәлкім ұмытып кеткен болар деп ақталыпты. Тұрғындардың шағымынан кейін коммуналдық қызмет мамандары келіп тексеріп, апатты қалпына келтіреміз деп кетті. Кешікпей әкімдік есепке алатынын хабарлады.
Ризабек Әшірбеков, Павлодар ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Тұрғындар тарапынан бұндай шағым бірінші рет болып тұр. Су желісі тұтынушылардың иелігінде. Кезінде құбыр тапсырылғанда,балансқа алынбай қалған. Қазір ол жіберілген қателікті түзетеміз.Кешікпей әкімдік есепке алады.
Шенеуніктер кешікпей иесіз құбыр әкімдік иелігіне өтуі үшін құжаттар әзірленіп, магистральде жөндеу басталады деп уәде берді. Енді бұндай жағдай қайталанбас үшін қаланың барлық су желісіне тексеріс жасайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!