«Алтын орда» базары басшысының адвокаттары баспасөз мәслихатын өткізді
Алматыда ай басында ұсталған атышулы «Алтын орда» базарының атқарушы директоры Ермек Марқабаевтың адвокаттары баспасөз мәслихатын өткізді. Олар бұл істің «бармақ басты, көз қысты» қаралмай, ақиқаты айтылғанын қалайды. Айтуларынша, Марқабаевтан есірткі, қару табылып, екі айға тергеу изоляторына қамалуы күдік туғызады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
30.06.2023
Нұрлан Өстеміров, адвокат:
- Күдіктіні заң бойынша үш сағаттан артық ұстауға полицияның құқығы жоқ. Олар Марқабаевты бірнеше сағат заңсыз ұстаған. Прокурордың өзі сол кезде босату туралы шешім қабылдаған. Бірақ ол бұйрық орындалған жоқ. Осының өзі біздегі қылмыстық процессуалдық кодекстің бірнеше бабы бойынша заң бұзу болып есептеледі.
Биыл маусымда Алматы-Бішкек бағытындағы тас жолда Ермек Марқабаевты полиция ұстап, қалтасынан есірткі, қасындағы оққағарларынан қару-жарақ тапқан болатын. Қазір ҚР ҚК 287-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Көп ұзамай, «Алтын орда» базарына белгісіз күзет мекемесі келіп, келісімшартты солармен жасауды талап еткен. Ол кезде облыстық полиция департаменті тексеріс басталғанын жеткізген. Екі істің бір-біріне қаншалықты қатысы бары белгісіз. Мәселенің мән-жайын анықтаған соң ғана ақпарат береміз дейді құзырлы органдағылар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!