Burabay open-2023 сайысына қатысқан жас бишілердің ата-аналарын алдап кеткен
Сенген адамы сенделтіп қойған! Бүгін Burabay open-2023 сайысына қатысқан жас бишілердің ата-анасы осылай шу шығарды. Айтуларынша, ұйымдастырушылар ұсынған делдал 38 биші мен оның 40 ата-анасы және 6 жаттықтырушыны қонақүйге орналастырамын деп алдап кеткен.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
03.07.2023
Жұрттың есебінше, Алматыдағы екі би клубы оған 1 миллион 336 мың теңге алдын ала төлем жіберген. Бірақ жеме-жемге келгенде бәрі бірдей жататын жер таппай сенделген. Ата-аналардың жанайқайын КТК тілшісі тыңдап қайтты.
Дарья Сапрыкина алты жасынан бастап бимен айналысады. Осыған дейін елімізде өткен талай жарыстарға қатысып, сан түрлі жүлде жеңіп алған. Осыдан екі апта бұрын өткен Burabay open-2023 сайысында да бақ сынап көрген. Бірақ бәрі ойдағыдай болмай шықты. Жарыс өтетін Щучинск қаласына жеткенде қонақүйге орналастыру керек болған адам алдап кетті дейді анасы.
Елена Шабалина, Д. Сапрыкинаның анасы:
- Байқаудың ұйымдастырушылары ұсынған Нұрлан Омаров есімді азамат бізді қонақүйге орналастыратынын айтып, алдын ала төлем сұрады. Жататын жеріміздің суретін қарап шықтық. Ұнады. Сөйтіп қызым екеуімізге 56 мың теңге жібердім. Щучинск қаласына келген кезде Нұрлан телефонын көтермей қойды. Ол айтқан қонақүйге барсақ, иесі ешқандай қаражат төленбегенін айтты. Қайда барарымызды білмедік. Амал жоқтығынан орынды қайтадан сатып алдық.
Еленамен бірге тағы 12 ата-ана мен жас бишілер және екі жаттықтырушы бірге барған. Жалпы алғанда бәріміз бір адамға 600 мың теңге жіберіп, әлі ала алмай жүрміз дейді. Бірақ бұл тек бір ғана би клубының мәселесі. Дәл осылай, дәл сол адамға басқа бишілер де алдандық деп отыр. Олардың саны 50-ден асады.
Ирина Маринина, би клубының жетекшісі:
- Біз де сол Нұрлан Омаровқа байқау басталмай тұрып, бір ай бұрын шықтық. Ол қонақүйге орналастыруға бізден алдын ала төлем сұрады. Мен атааналардан қаражат жинап, оған 732 мың теңгені аудардым. Бір аптадан кейін қоңырау шалып, қонақүйде орын жоқ деп шықты. Сөйтіп тағы 300 мың теңге сұрады. Біз жібермедік. Содан кейін мүлдем хабарласпай жоғалып кетті.
Екі бірдей би тобын сенделткен адамды ұсынған сол жарыстың ұйымдастырушылары. Бірақ олар делдалдың осыған дейін «артық қылығын байқамадық» деп отыр.
Эльмира Шәріпова, Burabay Open -2023 спорттық биден ҚР чемпионатын ұйымдастырушы:
- Нұрлан Омаров спортшыларды қонақүйге орналастыратын делдал. Біз онымен былтыр жұмыс істегенбіз. Жүзін көрмегенмін. Тек нөмірін білемін. Жұрттың пікірінше, ол жұмысын жақсы істейді. Бірақ биыл неліктен бұлай болғанын білмейміз. Мәселенің шешілгенін біз де қалаймыз.
Алданғанын кеш түсінген ата-аналар бірден полицияға арыз жазыпты. Тәртіп сақшылар тергеуді бастағанымен, кейін тоқтатып тастаған.
Гүлнар Пинчук, Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеу барысында 1982 жылы туған Щучинск қаласының тұрғыны анықталды. Түскен арыздар бойынша келтірілген шығын 604 мың теңге және 56 мың теңге. Сотқа дейінгі тергеуде бұл жағдайда азаматтық құқықтық қатынас қарастырылатыны анықталды. Өйткені тараптар арасында қонақүй нөмірлерін брондау мен төлеу ауызша келісілген. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығы үшін оны тоқтату туралы шешім қабылданды.
Енді ата-аналар сотқа арыз жазуға бекініп отыр. Талабы: сан соқтырып кеткен делдалдың қатаң жазаға тартылып, берген ақшасын толықтай қайтарып алу.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!