{metadescription}
Атырауда мұнай-газ өңдеу зауыты 8 мың текше метр газды ауаға жағып жіберген
Атырауда мұнай-газ өңдеу зауыты 8 мың текше метр газды ауаға жағып жіберген

Атырауда мұнай-газ өңдеу зауыты 8 мың текше метр газды ауаға жағып жіберген

Атырау облысында жарықтың жоқтығынан ірі өндіріс ошақтарындағы жұмыс әлі қаңтарылып тұр. Оқыс жағдай мұнда кеше кешкілік басталған. Энергия тапшылығынан қаладағы мұнай-газ өңдеу зауыты 8 мың текше метр газды ауаға жағып жіберген. 

Мұржадан будақтаған қара түтін қолқаны қауып, онсыз да экологиясы нашар қала тұрғындардың тынысын тарылтты. Түскен шағым да көп болғанымен, «Қазгидромет» өкілдері ауа ластанған жоқ деп отыр. Экология департаменті де тексеру жұмысын бастамаған.

Ауасы онсыз да лас Атырауды кеше қара түтін басты. Себебі кешқұрым қалада жарық сөніп, Атырау мұнай және газ өңдеу зауыты апат жағдайында  жұмысын тоқтатқан. Өндірістегі мұржалардан қара түтін будақтап, тұрғындардың тынысын тарылтты. Бірнеше сағат бойы ауаға атқылаған улы газ халықтың үрейін ұшырды. Апатты жағдайдың алдын алу үшін зауыт басшылары көгілдір отынды жағып жіберген. Болжам бойынша 8 мың текше метр газ ауаға түтін болып таралды.

Мұрат Досмұратов, Атырау мұнай және газ өңдеу зауытының директоры:

- МАЭК тарапынан электр қуатының ажырауына байланысты өндірісті тоқтатуға мәжбүр болды. Екі сағат жанды. Технологиялық газдарды құбырлар арқылы амалсыз жақтық. Бұл бірінші рет емес, өткен жылдары да осылай болды. Бұл кәсіпорынға үлкен шығын әкеліп жатыр. 2021 жылы 69 млрд теңге, 2022 жылы 2 млрд теңге шығын.

Қаланың қақ ортасындағы мұнай өңдеу зауыты әлі толық іске қосылған жоқ. Электр энергиясының тапшылығынан Атырау мұнай және газ өңдеу зауытынан бөлек өңірдегі барлық өндіріс орындарының жұмысы кілт тоқтаған. Бүгін облысқа келген «ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев кен орындары мен мұнай айдау станцияларының әлі іске қосылмай жатқанын айтты.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Басты мақсатымыз – зауытты қауіпсіз күйде іске қосу. Сонымен қатар кешеден бері «Қазтрансойл» кәсіпорыны мен КТК «Каспий консорциумы» да әлі тұрақты күйге шыққан жоқ. Кешеден бері мұнай айдау станциялары толық тоқтатылды. Енді апат салдарын талқылаймыз. Мемлекеттік комиссия құрылады. МАЭКтың жағдайы қаралатын шығар.

«Ембімұнайгаз» компаниясына қарасты 33 кен орнының 16-сы әлі іске қосылмаған. Қазір облыста жаппай өшкен жарықты қалыпына келтіру  жалғасып жатыр.  Бір қызығы, зауыттан мыңдаған текше метр улы газ ауаға таралса да, «Казгидромет» мамандары қалада шектен тыс ластану болмады деп отыр. Ал экология департаменті тексеруін әлі бастамаған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

04 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.