92 адам уланған дәмханадан ауру қоздырғыш бактериялар табылды
Сальмонеллез бен стафилококк кесірі! Түркістан облысында 92 адамның көшедегі дәмханадан улануына байланысты жүргізілген тексерістің алғашқы нәтижесі шықты. «Ризық рауаны» кафесінде қуырылған тауықтың құрамынан ауру қоздырғыш бактерия табылды.
Автор: Салтанат Шырынхан
06.07.2023
Ондағы қызметкерлердің сынамасы да таза шықпады. Аспаз бен оның көмекшісі, даяшылардан тіпті курьердің ағзасынан ішек таяқшалары табылды.
Нұрбек Нышанов, Түркістан облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы:
- Жаппай улану кезіндегі тексеру нәтижесі бойынша 20 қызметкерден бактерия тасымалына тексеру жүргізілді. Алты қызметкерден стафилококк анықталып отыр. Аспаз, даяшылар, курьер қызметін атқаратын қызметкерлер. Одан бөлек, екі жағдайда Salmonella enteritidis деген екі бактерия анықталды. Салат дайындайтын және пицца дайындайтын қызметкерлерден.
Осыдан бір апта бұрын Кентау қаласындағы «Ризық рауаны» деп аталатын дәмханадан жүз шақты тұрғын уланған болатын. Фастфуд жасайтын орында адамдар қуырылған тауық, пицца мен суши жеп ұшынған. Олардың жартысынан көбі балалар. Тағы үшеуі жүкті әйел. Қызуы көтеріліп, іші өткендер сол сәтте жаппай ауруханаға жатқызылды. Бүгінде науқастар жазылып, үйліне жіберілген. Тек екеуі әлі емделіп жатыр.
Ал дәмхананың жағдайына келер болсақ, дәл осы тамақтану орталығынан былтыр да екі рет 180-ге жуық адам жаппай уланыпты. Ас ішетін орынның санитария талабына сай келмейтіні анықталды. Тіпті азық-түлік пен шикізатты көрінген жерден сатып ала берген. Олқылықтың орнын толтыруға тырыспайтын фастфуд орталығының қожайыны осы жолы оңай құтылмайтын сияқты. Өйткені іс бүгінде облыс әкімінің жеке қадағалауында.Прокуратура мен полиция департаменті, антикордың тергеушілері бірігіп тергеуді жалғастырып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!