{metadescription}
Астанада Яндекс курьерлері бас көтерді
Астанада Яндекс курьерлері бас көтерді

Астанада Яндекс курьерлері бас көтерді

Астанада Яндекс курьерлері бас көтерді. 80-нен астам азамат соңғы кезде төлемдердің негізсіз қысқарып кеткендігіне наразылықтарын білдіріп, елорданың басты көшелерімен жүріп өтті. Алайда, талаптарын Мәскеудегі орталық кеңсеге жеткізбекші болған бір топ жігітті 15 минуттан соң полиция лезде таратты. Курьерлердің шағымын астаналық әріптесім Айжан Шамшидин тыңдап қайтты.

«Айлық табысымыз 120 мың теңгеге де жетпей қалды» деп зар илеген Яндекстің курьерлері бұл. Айтуларынша, шілденің шіліңгірінде таңның атысы, кештің батысы күн ұзаққа мопедпен жүріп, табатыны небәрі 10 мың теңге. Жағдай үнемі бұлай болмаған. Бір ай бұрын мәселен орташа табыс күніне 17000-20000 теңгені құраған екен. Бүгін соны арнайы бейне-үндеу ретінде түсіріп, базынасын Мәскеудегі орталық офиске жеткіземіз деп жоспарлапты. Алайда араға небәрі 15 минут салып, тәртіп сақшылары «ереуіл ұйымдастырмақ» болдыңдар деп, дереу тарқатып жіберді.

Мерей, курьер:

- Астана паркіне қарай жүргіміз келді. Жүріп келе жаттық. Полицей мырзалар бізді қысыпқысып тоқтатты. Тоқтадық, «не болды не жағдай болды» деп сұрадық. Старший келеді деді. Сол старшиын күтіп отырған кезде бірден омондар келді де, балаларды салды машинаға. Сосын сол жерде бір бала талып қалды. Ыңғайсыз жағда енді, алды да қой сияқты лақтыра салды.

 «Қазіргі баға күнделікті шығындарды да жабуға жетпейді» деп шырылдаған жігіттерді Полиция департаменті құры жібермей, әрқайсысына 7 мың теңгеден айыппұл салыпты. Бұл соманы олар бір ай ішінде төлеуі тиіс.

Нұралы Тәңірбергенов Астана қаласы ПД ресми өкілі:

- Жағдайды анықтау мақсатында жол қозғалысына кедергі келтірген акция қатысушыларын полиция қызметкерлері тоқтатып, жағдайды анықтау үшін оларды Астана қаласы ПД-нің Есіл ауданы полиция басқармасына жеткізілді. Аталған акцияға қатысушылар жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамауына байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 615 бабы 1 тармағымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бір сәтте табысының қомақты бөлігінен айрылып қалған курьерлер өздерін жалдайтын кеңсеге де барыпты. Одан қайран болмаған соң, Мәскеудегі орталық офиске бірнеше рет хабарласқан. Мардымды жауап жоқ. Курьерлердің көшеге шығып, бас көтеруіне Яндекстің бонустарды мүлдем алып тастағаны әсер еткен.

"ЯНДЕКС ДОСТАВКА" баспасөз қызметі:

- Біз әрдайым курьерлер мен серіктестеріміздің жағдайын ойлаймыз. Өткен аптада бағдарламамыз техникалық өңдеуден өтті. Бонустардың барлығы алдағы күндері курьерлердің шоттарына түседі. Түспеген жағдайда қолдау орталығына хабарласуларыңызды сұраймыз.

Қазір Астанада ресми тіркелген дәл осы курьерлікпен айналысатын 1500-дей жүргізуші бар. Оның тең жартысы мото-курьерлікті күнделікті, тұрақты жұмысы ретінде көреді. Жүргізушілер талабымыз ескерілмесе жұмыс істеуден бас тартамыз деп отыр. Ал «ЯНДЕКС-ТАКСИ» қызметі келесі аптада адал еңбектің құнын толық өтеп береміз деп ант-суын ішті. Ресми жауаптарында компания мото-тариф 1700 теңгеден, ал автокөлік жүргізушілері үшін 1900 теңгеден түспейді делінген.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

06 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде