Боксшы Бейбіт Шүменовке қылмыстық іс қозғалды
Мейрамханада қолында баласы бар азаматқа жұдырық ала жүгірген кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовке қатысты іс қозғалды. Мұны Ішкі істер вице-министрі мәлімдеді. Әлем чемпионының қатысумен болған оқиғаның бейнежазбасы желіде желдей есіп жүр.
Автор: Мерей Қалиасқар
12.07.2023
Әлеуметтік желіде таралған видео фуд-корттың бейнебақылау камерасына 18-інші маусымда түсірілді. Ер адам баласымен тамақтанып жатқан сәтте өзге үстелден белгісіз біреу келіп, оны оңдырмай ұрып-соға бастады. Сөйтсе, балалары ойын алаңында келіспей қалған көрінеді. Жағдайды әкелері ушықтыра түскен.
Нұрбақыт Күлбаев, мейрамхана менеджері:
- 16:03 уақытында бұл екі қонақтың арасындағы жанжалға куә болдық. Cтол сынды. Оны сосын қалпына келтірдік.Чек бойынша алкоголь екі қонақта болған жоқ.
Мәселені білмекке жәбірленушіге хабарласып едік. Астана қаласының тұрғыны денсаулығы жақсы деп тіл қатты. Ал қалған сұрақтарға жауап беруден бас тартып, мән-жайды қорғаушысынан сұрағанымызды қалады. Жәбірленуші тарап әділ шешімді талап етіп отыр.
Қанат Тілеужан, Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі:
- Қаншама арыз жолдадық прокуратура органдарына және полиция қызметкерлеріне ешқандай әрекет болмаған жағдайдан БАҚ сүйендік. Пышақ емес, ол үстелде тұрған арнайы құрылғылар. Қорғану мақсатында мүмкін қолға ұстаған болатын. Соққылар балаға да, әкесіне де тиді. Балаға түскен зардаптың нәтижесіне орай тиісті психологиялық, физикалық сараптама өткізуге шағым түсіреміз.
Қорғаушының сөзінше былғары қолғап шебері жәбірленушіден кешірім сұрамады. Тіпті оқиғадан соң келесі күні полиция учаскесінде балағат сөз айтып, келісімге келетін ойы да болмағанын жеткізді. Ал оқиға орнында болған учаскелік полиция мен боксшыға қатысты қандай шара жүргізілетін қалалық полиция департаменті мәлім етті.
Нұралы Тәңірбергенов, Астана қаласы ПД ресми өкілі:
- Орын алған бұзақылық бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 290 бабымен тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мәнжайы толық анықталуда. Сонымен қатар полиция қызметкерлеріне қызметтік тексеру тағайындалды.Оның нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетін болады.
Әлеуметтік желідегі парақшасында 39 жастағы спортшы оқиға балалардың келіспей қалуынан және әкесінің дөрекі жауап беруінен болды деп жазды. Айтуынша ұлы Америка азаматы болғандықтан әкесі туып, өскен отанын көрсетуге алып келіпті. Сөйтіп, дәмханадағы ойын бұрышында басқа келушінің ұлы баламды ұрған соң, оның әкесіне мән-жайды білуге беттедім дейді.
Бейбіт Шүменов, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы:
- Мен оған келіп, сенің балаң ба ұрған деп сұрадым. Ал ол "иә, не істей аласың?" деді. Мен мұндайды күтпедім. Оған жақындап "не айтып тұрғаныңды білесің бе?" дегенде, ол қолына ілінген затпен ұмтылды. Видеоны дұрыстап қарасаңыз, қолына бір затты алып, кейіннен оның пышақ емесін біліп тастай салады. Баланы тастай салып пышақты қолға алып, маған ұмтылды. Сол себепті ашуға бой алдырдым.
Заңгерлердің сөзінше сауда-ойын сауық орталығында болған жанжалдың салдарынан атақты кәсіпқой боксшыға осы бір қылмыстық ісі үшін 2 жыл берілуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!