{metadescription}
Коммуналдық тарифтер тағы қымбаттайды
Коммуналдық тарифтер тағы қымбаттайды

Коммуналдық тарифтер тағы қымбаттайды

Коммуналдық тарифтер тағы қымбаттайтын болды. Бұл жолы су, электр қуаты мен жылудың бағасы бірден отызға пайызға өседі. Үкімет бұл қадамға" шарасыздықтан бардық" деп ақталуда. Премьердің айтуынша инфрақұрылым нысандарын күрделі жөндеуден өткізбесе, Екібастұздың тағдырын алдағы қыста қайталайтын аймақ көп.

«Жағдай күрделі!» Үкіметтің бар мүшесін қоластына жинап алған ел премьері Әлихан Смайылов коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымына осындай баға берді. Баға беріп қана қоймай, соңғы 2 жылдағы апатты санамалап шықты. Екібастұздағы төтенше жағдай, Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында болған апат. Айта берсең күрделі жөндеуді кемі 70 жыл көрмеген нысандар елімізде көп екен. Смайылов озық елге айналуымыз үшін тозықтан қайтсек те құтылуымыз қажет деп отыр. Ал оның жалғыз жолы тарифті көтеру екен.

Әлихан Смайылов ҚР Премьер-министрі:

- Биыл тұрғындар үшін тарифтер 10 проценттен 30 процентке дейін қымбаттайды. Бұл барынша ұстанымды тариф. Онсыз сапалы инфрақұрылымды қамтамасыз ету, оны жаңғырту мүмкін емес. Тариф мәселесінде біз барлық жақтың мүддесін ескеретін тең ортаны таба білуіміз керек.

Енді күзден бастап инфрақұрылым нысандарын күрделі жөндеуден өткізу үшін, жылу 1620 теңгеге, электр қуаты 660 теңгеге, ал су 200 теңгеге бір-ақ қымбаттайды. Ұлттық экономика министрінің есебінше сонда шамамен екі бөлмелі пәтер иелері ай сайынғы түбіртекте қазіргіден 4000 теңге артық төлейтін болады. Министрлер кабинеті «қалтаны қақпайтын сома» деген ортақ тұжырымға келіпті. Ал, айлығы шайлығына жетпей отырған отбасыларды жергілікті әкімдіктер жарылқамақшы.

Әлібек Қуантыров ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Әр акиматта тиісті тетіктер бар. Енді өтінімді онлайн жіберіп, қағазбен содан кейін осы тарифті қағазбен, қаражат өтемделеді. Жалпы акиматта әр отбасы тиісті өтіінімді беріп акиматқа осындай компенсация алады.

Экономика министрі әкімдіктер тарапынан коммуналдық төлемдердің нақты кімге берілетінін дөп басып айта алмады. Әлі қаражатты үлестіру механизмі де пысықталмапты. Бір анығы тариф өсе сала, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүгедек жандар жергілікті әкімдіктеріне бас сұғып, мәлімет жинақтауы қажет.

Премьер, коммуналдық кәсіпорындар соңғы үш жылда көк тиын таппай табыссыз жұмыс істеген дейді. Жыртығын жамау үшін қарыз алған. Ол жетпесе, мемлекетке алақан жайған. Ал қымбаттайтын тариф есебінің жетер жеріне жетуін құзырлы органдар қатаң қадағалап, жыл сайын жауаптылардан есеп сұратуы міндет. Үкімет әр тиынның сұрауы болады деп сендірді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

12 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде