200 мыңнан астам шетелдік автокөлік қазақстандық есепке қойылды
200 мыңнан астам шетелдік автокөлік қазақстандық есепке қойылды. Ресей, Армения мен Қырғызстаннан әкелінген автомобильдер Ақтөбе облысы, Алматы мен Шымкент қаласында көптеп тіркелді. Дегенмен Президенттің шетелдік нөмірмен жүрген көлік құралдарын тіркеу жөніндегі тапсырмасын орындауда шешімін таппаған сұрақ көп екен. Елімізде шамамен 100 мыңнан аса тіркеуге алынбаған шетелдік автокөлік бар. Олардың жайы не болмақ?
Автор: Мерей Қалиасқар
13.07.2023
Былтырғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтінім қабылдау 1 шілдеде тоқтатылған еді. Сол уақытқа дейін құжатын толық тапсырып, тиісті тексерістен өткендер 200 мың теңгесін төлеп, көліктерін тіркеуге қойып алды. Енді бірі әлі үмітпен жүр.
Елордадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындамыз. Мұнда әлі күнге дейін шетелдік нөмір таққан көліктер толастар емес. Жүргізушілердің дені уақытша тіркеудің өзіне тұра алмай әлек. Сағаттап өз кезегін күткен жүргізушілер ешбір себепсіз кері қайтарылып жатыр.
Қаладан 100 шақырым жерде тұратын Құдайберген Қаженов мұнда осымен 4 рет келіп отыр. Құжатын 1 шілдеге дейін тапсырып та қойған. Алайда мамандар мән-жайды жіті түсіндірмей, 10 күннен кейін келіңіз деп тағы шақырыпты.
Құдайберген Қаженов, Астана қаласының тұрғыны:
- Түсініксіз жайттар көп. Сонымен әр 10 күн сайын келіп тұрамын осында. Құжат бүкілі түзу. Машинаның вин коды бүкілі бар. Конструктор боп шыға келді. Енді қашанғы сандалатынымызды Алла білсін енді.
Сандалып, нақты жауап ала алмай жүрген ол ғана емес.
Ғанибет Дастанов, Астана қаласының тұрғыны:
- Тағы отказ келіп тұр дейді. Бірнеше рет келіп отырмын енді. Нақты себебін айтпайды. Енді тағы ертең келу керек.
Ал Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерде тіркеуден шығарлмаған автокөліктерді заңдастыруды 17 шілдеден бастауды жоспарлап отыр. Ол үшін жаңа сервистің жұмысы пысықталуда. Былтырғы 1 күйекке дейін елге кіріп, алайда бұрынғы тіркелген жерінен тіркеуден шығарылмаған көліктер 5 жылға дейін уақытша тіркеліп, 15 мың теңгеге жуық алым төлейтін болады. Бұл ретте көлік жүргізушілері көлікті кері әкетуге не осында бастапқы тіркеуден өткізуге міндетті.
Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
- Тіркеуге алынғаннан кейін қазақстандық мемлекеттік тіркеу номер мен қазақтандық төлқұжат берілетін болады. Және ол төлқұжатта арнайы жазбалар болады. ҚР аумағынан сыртқа шығуға болмайды және автокөлікті басқа біреуге сатуға болмайды деген. Осы 5 ішінде автокөлік иесі көлігін шетелге барып тіркеуден шығарып келген жағдайда 200 мың теңге алым төленеді және қазақстандық техпаспорт пен мемлекеттік тіркеуге алынатын болады.
Ал 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктерді заңдастыруға жатпайды. Себебі азаматтарға заңдастыру біржолғы сипатта болатыны бірнеше мәрте ескертілді деді министрлік өкілі. Міндетті сақтандырусыз көлік жүргізгендер 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайтын болады. Қайсар Сұлтанбаев полиция қызметкерлері автокөліктерді ұстап, оларды арнайы автотұрақтарға жеткізуге құқылы екенін баса айтты.
Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
- Осы бір айдың көлемінде біз әлі де болса көлік иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Осы автокөліктерді уақытша тіркеуге шақырамын. Уақытты созбай тезірек арнайы цондарға барып, осы автокөліктерді тіркеуге қою керек. Мынау уақытша тіркеуге алынатын автокөліктердің бәрін 5 жылға уақытша тіркеуге қоямыз. Содан кейін шара қолданамыз.
Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы қазіргі көліктердің орташа жасы 15 жылды құрайтынын жеткізді. Яғни автокөліктердің техникалық жағдайы назарда болуы тиіс. Дегенмен брифинг барысында бұл шара халықтың қамы үшін екенін тағы қайтара айтылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!