Ұялы байланыс қызметі қымбаттады
Ауыздықталмас қымбатшылыққа енді ұялы байланыс қызметі де қосылды. Отандық байланыс операторлары соңғы жарты жылда тариф өсіруден алдына жан салмай отыр. Құнына мобильді байланыстың сапасы мен жылдамдығы сәйкес болса бір сәрі. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің мәліметінше, отандық операторларға шағым айтып, хат жазғандар күрт көбейіпті. Осыған орай ведомство байланыс қызметтеріне мемлекеттік қадағалауды енгізуді талап етіп отыр.
Автор: Айжан Шамшидин
14.07.2023
Елорда тұрғыны Мөлдір Бердиярова ай сайынғы отбасылық бюджетінен үйдегі интернет пен ұялы байланыс қызметіне 25 мың теңгедей жұмсайды екен. Оның өзінде ең арзан тарифке қосылғанымызда осындай сома шығып тұр деп қынжылады. Ал жоғары жылдамдықты өзге тариф «күйіп» тұр. Сондықтан, алаңсыз ғаламторда отыру қазір арманға айналған.
Мөлдір Бердиярова Астана қаласының тұрғыны:
- Біз үйдегі интернетке қазір қолданатын оған он мың теңгедей төлейміз.Және күйеуімнің симкартасы бар, менікі бар. Ай сайынғы оған 4000-4000-нан 8000 теңге кетеді. Және балалардың планшеты бар. Оған отдельно симка қосқанбыз. Оған да 4000 теңгедей. Сонда жалпы алғанда 20 мыңнан асып тұр ай сайынғы. Бұрынғыдай төлемақы жоқ. 1000-2000 теңге деген. Бұрынғыдай единица біз сала алмаймыз. Және бағасы өскеніне сай біз интернеттің сапасы жақсарды деп айта алмаймыз.
Салада үстемдік құрған қос монополистке Үкіметтің азу тісі әзірге батпай тұр. Бәсекелестік орта болмағандықтан отандық ұялы байланыс операторлары тариф құнын өздігінше бекітеді. Оны реттеуге, бағаны тұрақтандыру туралы пәрмен беруге осы салаға жауапты Цифрлық даму министрлігінің де құзіреті жоқ болып шықты.
Ғарифолла Әлменбетов ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің бас сарапшысы:
- Бүгінгі таңда біз тарифтерді реттемейміз. Тарифті байланыс операторлары кеткен шығынды есептей отырып жекелей белгілейді. Кәсіпкерлік кодекске байланысты 2017 жылдың 1қаңтарынан бастап байланыс саласындағы тарифтерлі уәкілетті орган реттемейді. Біздің оған құзіретіміз жоқ.
Бәсекелестікті қорғау агенттігінің байламынша соңғы жарты жылда тариф өсуінен қажыған халық шағымхаттарды қарша боратқан. Жауапты министр Бағдат Мусиннің де құлағын біраз шулатқан. Шағымдарды негізге ала отырып агенттік барлық ұялы байланыс операторларын мемлекет өзі қадағалауы керек ұсыныс ортаға тастап отыр.
Нұржан Сәдірбай ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агентттігінің баспасөз хатшысы:
- Мемлекеттік реттеу не үшін керек деген сұраққа мынадай жауап бар: бүгінде байланыс нарығы монополияланған. Нарықта екі ірі субъект бар.Байланыс нарығында өзара клиент үшін талас, яғни оны жақсы жағымен өзіне тартып алу туралы бәсекелестік жоқ. Сондайақ, операторлар тарапынан сіз бен мен сияқты қолданушыға керек емес қызметтерді таңу дүниесі бар.
Цифрлық даму министрлігі тариф бағасын өсірерде байланыс операторлары 1 ай бұрын абоненттерді құлағдар етуі керек дейді. Бұл қағидаға құлақ аспай, ережені аттап кетіп жатқандары бар. Дегенмен операторлардың басым бөлігі мемлекеттің құзіретінде болуға қарсы.
Сергей Ким , ұялы байланыс операторының өкілі:
- Біздің компания бұл жаңалықты естіген кезде таңданысын жасырмады. Себебі тұтынушылар ақшасы есебінен, біз желіні жаңартамыз. Жаңа құрылғылдар сатып аламыз. Базалық станцияны жабдықтауға қаржы керек. Сол себепті, жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз ету үшін, осындай қадамдарға барамыз.
Тарифтің қымбаттауы мен интернеттің сапасына көңілі толмай, ұлардай шулаған халық уәкілетті органнан емес, антимонополиялық ведомстводан үміт күтуде. Тас қопарып, тау үгітпесе де Үкіметтің алдына мәселені жеткізеді деп сенеді. Ал агенттік ұялы байланыс операторларын қадағалау мемлекет құзіретіне жақын арада берілмейді деп отыр. Алда халықтық талқылау бар. Соның нәтижесінен кейін ғана қорытынды шешім шығарылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!