Софиевка ауылы таза ауыз судан тарығып отыр
Астана іргесіндегі Софиевка ауылы таза ауыз судан таршылық көріп отыр. Елді мекенді сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз мұнараның төбесі тесіліп, екі жылдан бері тоқтамастан су сорғалап тұр. Тиісінше, ауыл халқына берілетін судың қысымы да төмендеген. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша, Софиевкаға су тарту үшін былтыр жарты миллиард теңге бөлінген екен. Бірақ, бұл қаражат жетпейді деп, мердігер компания жұмысты бел ортасынан тастай қашқан.
Автор: Айғаным Достанбай
14.07.2023
Елімізде 1,5 мыңға жуық елді мекен таза ауызсудан тарығып отыр. Біздің шенеуніктер бұл ауылдарда адам саны аз, мүлдем қашықта жатыр деген сылтау айтудан жалыққан емес. Парадокс дейміз бе, басқасын айтпағанда Астанадан 15 шақырымдағы Софиевка ауылының тұрғындары да тіршілік нәрін қанып іше алмай отыр. Ауылдағы мына су мұнарасы 10 жылдан астам уақыт бұрын тұрғызылған. Бірақ тіршілік сумен қамтамасыз етіп отырған мұнараның қазіргі күйі кісі шошырлық. Бірнеше жылдан бері мына қырық жамау нысанның төбесінен су сорғалап тұр.
Дауыл тұрса, мұнараның ескі-құсқы қаңылтырлары жан-жаққа ұшып, адамдардың өміріне қауіп төндіретіні тағы бар. Мәселен, таяуда ғана ауыл шетіндегі үйдің терезесіне барып тиген.
Любовь Юшкевич, Софиевка ауылының тұрғыны:
- Жаздың басында қатты жел тұрды. Тұрғындардың терезесін сындырған. Кім қалпына келтіреді? Өздері әрине.
Елді мекенде 3000-ға жуық халық бар. Былтыр бюджеттен қаражат қарастырылып, су тарту жұмыстары басталғанда мұндағы жұрттың еңсесі бір көтеріліп қалған еді. Бірақ тұрғындардың қуанышы әсте ұзаққа созылмады. Мердігер компания құбырларды жүргізіп бастап, қар түскенде тайып тұрған. Қазір әр көшеден дәл осындай үйінділерді кездестіру қиын емес. Тұрғындар атқарылған жұмыстың сапасына көңіліміз толмайды деп отыр. Су тартылғанның өзінде, қыста қатып қалу қаупі жоғары. Себебі...
Нұрбай Сәдуақасов, Софиевка ауылының тұрғыны:
- Біздің қазақстанның жері 2,5 метрдене кем жер ол қатып қалады. Ендігі істегеннің өзінде су болмайд деп ойлаймыз. Жалғыз мен емес, оны халық та біледі. Ақшаны освоит етіп, істеп кеткеннің зінде, дұрыс істемеді деп ойлаймыз. Әлі басталған жоқ. Міне бүгін шіледнің 14і. Білмим енді қашан? Олар қыстың күні жасай ма? Сапасы қалай болады күзді күні.
Ауылдың енді бір шетінде жаңа үйлер бой көтеруде қазір. Бірақ жалпы саны 150-ге жуық шаңырақта мүлде су жоқ. Әйтеуір блок модульдің арқасында күн көріп отырған жәйі бар. «Тазартылған судың бір литрі 1 теңге. Қымбатшылық қалтадан ұрған заманда мұның өзі көңілге медеу», - дейді тұрғындар.
Марат Дүйсенбаев, Софиевка ауылының тұрғыны:
- Біз енді мына ауылдық жерге көшіп келгеннен кейін, мал ұстағымыз келеді. Үйдің маңайын абаттандырғымыз келеді. Қиыр болсын, өзіміздікін жегіміз келеді. Зейнеткерміз ғой, нестейміз басқа? Қалай айтсам екен? үйде қазып алған, скважинаның суы жетпейді. Соны ойлаймыз, су ішейік пе? Жоқ, малға береміз бе, талға саламыз ба деген ойдамыз.
Ауыл әкімі де су тарту жұмыстары биыл аяқталуы керек болғанын растап отыр. Бірақ материалдар қымбаттап кеткендіктен, мердігер жұмысты бел ортасынан үзіп кете барды дейді. Белгілісі, жобаны аяқтауға қосымша қаражат әлі бөлінбеген. Айта кету керек, жоба «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. 2019-2022 жылдары осы мақсатта Қазақстан ауылдарына 326 млрд теңге бағытталған еді.
Бекзат Сүгірәлиев, Софиевка ауылының әкімі:
- Ол жағын, сізге нақты айта алмаймын. Ол облыстық бюджеттен, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы. «ауыл ел есігі» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан жоба негізі. Негізі жоба бойынша, 500 млннан астам құны. Былтырғы жылы 250-млн-дай қаржы бөлінген. Биылғы жылы енді сол материалдардың қымбаттауына байланысты тағы да қосымша қаражат сұратып отыр.
Әзірге жоба бойынша бюджеттен қосымша қаражат бөлінбей, іс өнбейтін түрі бар. Оған дейін Софиевка тұрғындары тесік мұнараның тілеуін тілегеннен басқа қолдан келер қайран жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!