Әкесі қызын зорлаған ба?
Алматы тұрғыны күйеуін ауыр қылмыс жасады деп айыптады. Айтуынша, отағасы туған қызын бірнеше жыл бойы зорлап келген. Келіншек 15 жасар жеткіншекке әкесі құмартып, азғындық көрсетті деген сенімде. Полицияға да арыз жазған. "53 жастағы күйеуім мұнымен тоқтамай, кәмелет жасына толмаған тұңғыш қызыма да қол жүгіртіп, арам ойын іске асыруға бірнеше мәрте оқталған" деп сұмдық оқиғаның жай-жапсарын баяндаған әйел. Ал отағасының өзі мұның бәрі жала деп отыр. Десе де, қазір тәртіп сақшылары екі бірдей бап бойынша іс қозғап, мән-жайды анықтауда.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
19.07.2023
Бет-жүзін жасырған бұл әйел күйеуінің қылмысын жалпақ жұртқа жария етуге бел буған. Айтуынша, әкесі 15 жасар туған қызын бірнеше жыл бойы зорлап келген. Көпбалалы ана "жиырма жыл отасқан күйеуім бауыр еті баласына мұндай азғындық көрсетеді деген ой төрт ұйықтасам түсіме кірмеді" деп жылап отыр.
Жанар:
- Осы айтып жатқан рас па деп қызымнан сұрадым. Өйткені, ол өгей әкесі мен туған әкесі болғаннан кейін бұл жағдайға сене алмай тұрдым. Бірінші рет бассейнде болды деді. Екінші жолы екі әпкесінің жұмыста жүргенін көріп кенже қызды қайтадан зорлайды. Үшінші жолы ұйықтап жатқан жерінен есіктің алдындағы моншаға кіргізіп, қолын қайырып тұрып артқы мүшесінен зорлайды. Төртінші эпизод біздің ұйықтайтын төсегімізде аймалап, тағы да зорлайды.
Көз жасы көл болған ана осы сұмдық жайттан кейін үлкен қызым ұзақ уақыт бойы әкесінен қорлық көргенін баяндап берді деп отыр. "Атпалдай азамат кәмелет жасына толмаған тұңғышымызға құмартып, қол жүгірткен. Бірақ ол арам ойын іске асыра алмады" дейді ол. Алматы тұрғыны бұл сұмдық жайттан мүлдем бейхабар болыпты.
Жанар:
- Үлкен қызымды зорламақшы болып, бірнеше рет тиіскен. Үйде жүрген кезде құшақтап, ернінен сүйеді екен. Омырауынан ұстайды екен. Қыздардың барлығы әкесін жек көретін. Мен қыздары неге соншалықты жеккөрінішпен әкесіне қарайды деп ойлайтынмын. Мен жұмыстан келгенше екі қызым да үйге келмей біреуі мектепте, біреуі жұмыста сыртта қашып жүретін.
Жұбайы ауыр айып таққан 53 жастағы жігіттің өзіне де хабарластық. Сұхбат беруге келспегенімен, әйелінің айтқанын ол жоққа шығарды. Айтуынша, кикілжің дүние-мүлікті бөлісуден басталған. Мұндай ауыр айып тағып, полицияға жыл басында да арызданған екен. Мұны адвокаты растап отыр. Сол кезде қылмыстық іс қозғалғанымен, қыздың зорланғанын растайтын ешқандай дәлел-дәйек табылмаған дейді адвокаты.
Ерлан Ахмадиев, адвокат:
- Бүгінгі шыққан ақпараттар жалған. Қолдағы бар материалдар, экспертиза бойынша ешқандай дәлел тапқан жоқ. Іс қысқартылды тергеу органдырмен. Бірақ прокурор келіспей, тергеушінің қаулысын бұзып, қазіргі уақытта қайтадан тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Полиция қазір «зорлау» және «кәмелетке толмаған балаларды азғындық жолға түсіру» баптары бойынша тергеуді жалғастырған. Сот-медициналық сараптама да қайта тағайындалыпты. Бірақ айыпталған азамат әзірге қамалмаған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Қылмыстық іс Алатау аудандық полиция Басқармасымен бірден екі бап бойынша тіркелгенін және тергеліп жатқанын хабарлайды: ҚР ҚКнің 120-бабы, 4-бөлігі және ҚР ҚК-нің 124-бабы 2-бөлігі. Қазіргі уақытта толықтық, кешенділік және объективтілік қағидаттарына сәйкес жедел және тергеу шаралары кешені жүргізілуде. Сонымен қатар, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Жігіт ағасының бұрын-соңды істі болғаны мен психикалық диспансерде есепте тұрғаны туралы әзірге ақпарат жоқ. Ал жантүршігерлік оқиғаны жайып салған әйел қыздарым әбден шошынып қалған дейді. Сондықтан олар қазір психологтың бақылауында екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!