Түркиядағы орман өрті туристік аймақтарға жақындады
Түркиядағы орман өрті туристік аймақтарға жақындады. Тілсіз жаудың жолында Анталия да бар. Мұндағы демалыс орындары қазақстандық туристердің де көп баратын жері. Будақтаған түтінді сонда демалып жатқан отандастарымыз да байқаған. Бірақ алаңдап отырғанымен, ешқайсысы демалыстарын тоқтатуға ниетті емес.
Автор: Салтанат Шырынхан
25.07.2023
Екатерина Зенькова:
- Кемерге демалуға келдік. Тауға шығып, таза ауамен тыныстау жоспарым болған. Міне бізге қарама қарсы бетте тау жақтан қою қара түтін шығып жатыр. Ұшақтар мен тікұшақтар тынбастан минут сайын арыбері өтіп, өртті сөндіруде. Сол себепті де аса бір қорқыныш жоқ. Өрт әсіресе қас қарайғанда анық көрінеді. Бүгін түнде тіптен қорқынышты болды. Жалын қып-қызыл болып, айналаны шарпып өтердей сезілді.
Желдің кесірінен өрт күш алып, тұрғын үйлерге де жақындай бастаған. Әсіресе Маниса, Кахраманмараш провинциялары мен Кемердегі жағдай алаңдатарлық. Қызыл жалын курорттық аймаққа да таяп қалғанын сондағы демалушылар жарыса жазып, түрлі видеолар салуда. Түркия билігі өртті ауыздықтауға 24 ұшақ, 100 тікұшақ және 10 ұшқышсыз ұшу аппараты мен 25 мың өрт сөндіруші жұмылдырылғанын хабарлады. «Туристік қамқор» қорының мәліметінше, Түркияда қазір18 мың отандасымыз демалып жатыр. Оның жартысы Кемер ауданында. Әзірге олардың біреуінен де ешқандай шағып түспеген. Енді аттанғалы жатқандары да өртке бола билеттерін кері қайтарып жатқан жоқ.
Алина Абдрашитова, Қазақстан Туристік қауымдастығы директорының орынбасары:
- Еліміздегі туроператорлардың хабарлауынша, ол жақтағы жағдай қалыпты. Барлығы да өздері кеткен туристік агенттіктерімен үнемі байланыста. Қазіргі таңда тек қоныстанған қонақ үйлерінен түтін көрініп жатқандарын айтқан. Бірақ өрттің иісі немесе ауаның ластануына қатысты еш келеңсіз жағдай туындамапты. Өйткені соғатын жел түтіннің иісін басқа жаққа алып кетіп жатқан көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!