Тұрғындар: «Мектеп салып беріңдер!»
Мектеп саламыз деп миллиондарды қалтасына басқысы келген. Алматы облысында балаларын алыстағы білім ошағына тасып шаршаған тұрғындар жергілікті шенділерді осылай кінәлап отыр. Айтуларынша, Қарасай ауданының әкімдігі осыдан 2 жыл бұрын мектеп салынуы керек болған жерді жекеге сатып жіберіпті. Ал зардабын енді жүздеген отбасы тартып отыр.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
25.07.2023
Білім ошағына жарымаған бүтін бір Әділет ықшамауданының тұрғындары бұл. Жұрттың есебінше, мұнда 46 көше, әр көшеде 40 шақты үй, әр үйде 4-5 мектеп жасындағы бала бар. Сол жүздеген оқушы білім алу үшін 4-8 шақырым жердегі мектептерге барып амалдап жүр.
Ұрзада Биназова, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Кемінде жарты сағат жүреді балдар. Қыстың күні өте қиын. Жаяу барып келіп жүрген балдар қиналып жатыр. Көшенің бәрі ит. Зоводской көшесінің іші тола ит. Содан қорқамыз. Әр баланы бір атаана жетектеп апарады, жетектеп алып қайтады.
Тұрғындар жергілікті атқамінерлерден үмітті әлдеқашан үзген. 12 жылдан бері зар қақсап жүрсек те, еш нәтиже жоқ дейді.
Дәулетжан Шаймұранұлы, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Әкімге ұсыныс, арызды осыдан 12 жыл бұрын жазыпты. Бұрын келген кісілер осы жерден мектеп салынады деген және емдеу орны салынады деген екен. Сол мектепке берген орынды жеке меншікке сатып жіберген.
- Кім?
- Әкімдер. Сол кездегі істеген әкімдіктегі архитектураның адамы, жер комитетінің адамдары өзінің бас пайдасына, өзінің жемқорлығына салынып, жерді жекеменшікке сатып жіберген.
Тұрғындар сатылып кетті деп отырған жер осы міне. Әнеу бір сұр қоршаулы үйден бастап, мұнда тұрған жасыл қоршаулы баспаналардың ортасы. Көлемі 2 де 3 гектар. Жұрттың айтуынша, 2020 басында Қарасай ауданының мәслихатының шешімімен дәл осы жерге мектеп салынуы керек еді. Алайда келесі жылы қалай ғана ол жердің жеке өтіп кеткенін түсінбей жүр.
Рахман Қаманшай, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Бұл заңды. Қаскелең қаласының бас жоспарында тұр. Қызыл сызықта тұр. Бұны ешкім ала алмайды, ешкім сата алмайды деген сөз. Бұл енді ауданның өзінің заңында бекітілген жер ғой. Енді осы жерді 2020 жылы бірінші айдың тоғызыншы күні шыққан шешімді былай қайыра салып, біреу сатып тастаған. Кім сатқанын білмейміз.
Ал, әкімдіктегілер бұл жердің бұрыннан жекенің қолында болғанын айтып, қалт-құлт етіп әйтеуір түсіндіруге тырысты.
Дәрмен Жапаров, Қарасай ауданы Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:
- Жекеде бұрыннан бар. Жеке меншік шаруа қожалығы болған. Одан кейін 2018-ші жылы мақсат бағыты ауыстырылған ЛПХ-ға. 2020 жылы маслихатпен бекітіліп, мектеп құрылысы қарастырылған.
- Енді не үшін салынбады мектеп?
- Оған қаражат қазір қарастырылмаған.
Сырым Жарқынбаев, Қарасай ауданы Жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Ол жерді сатып алу мақсаты бойынша. 2,4-ті сатып алғанда бүгінгі күні бағалау құнын жасағанның өзінде, ол жерде 100 миллионның үстінде қаражат керек. Себебі, ол ЛПХ болғандықтан. Одан бөлек Қарасай ауданымызда 8 мектеп салынып жатыр. 3 мектеп одан бөлек салынып жатыр.
Жерді жәй ғана сатып алу үшін 100 миллион керек екен. Бірақ, мектептің құрылысы былай тұрсын, қыруар қаражаттың қашан бөлінеті тағы белгісіз. Алайда, тұрғындар білім ошағы тездетіп салынбаса, Астанаға арыздануға бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!