Семей-Көкпекті күре жолы қашан жөнделіп бітеді?
Абай облысында республикалық маңызы бар тас жолдардың құрлысы әлі аяқталар емес. Әсіресе, Семей- Көкпекті бағытындағы күре жол алты жылдан бері жөнделіп біткен жоқ. Салдарынан жүргізушілер ойдым-ойдым айналма жол әбден діңкелетті дейді. Тіпті көліктері жарты жолда бұзылып, жолаушылар діттеген жеріне жете алмай қиналады екен. Сондықтан жол азабын тартқан жұрт сағызша созылған құрылысты тезірек аяқтауды талап етуде.
Автор: Ұлан Нұрахмет
25.07.2023
Бұл Семей - Көкпекті бағытындағы тас жол. Құрылысы аттай алты жылға созылғанымен әлі аяқталған жоқ. Сондықтан жүргізушілер шұрық-тесік айналма жолмен амалдап жүр екен. Бірақ оның өзінде көлік біткен тұсаулы аттай титықтап жүр.
Дәмір Мирзасов, Көкпекті аулының тұрғыны:
- 6 жылдан бері жол жоқ. Мен жолдың нашарлығынан Қалбатаудан бері қарай 34 литр жанармай артық жұмсаймын. Көлігім сынса, оның сатып алатын қосалқы бөлшектері бар. Ана айналма жолмен жүруге көлік шыдамайды. Қашан жасап бітетіні белгісіз.
Тас-талқаны шыққан айналма жолмен жүк көліктері тіпті жүре алмайды. Өйткені төселген қиыршық тас техниканың доңғалағын тіліп түседі екен. Діттеген жеріне жете алмай жолда қалғандардың бірі Рауан Оразалин. Жол азабын әбден тартқан ол көлігімнің дөңгелегі жарамсыз болып қалды деп зар қағуда.
Рауан Оразалин, жүргізіші:
- Міне, жаңа дөңгелектің өзі жарамай қалды. Күнде сайман аламыз. Жолдың неге жөңделмей жатқанын ұқпаймыз. Жеті жыл болды. Қосалқы бөлшек қымбат. Мысалы 7 мың теңгеге бір резеңке алсан. СТО оны жеті мың теңгеге ауыстырып береді.
Ал, жолға жауаптылар Қалбатау маңындағы тасжол құрлысы 2018 жылы басталғанын айтады. Бірақ әлі бітпеген. Себебі жолды жөңдеуге жауапты мердігер өз жұмысын аяқсыз қалдырған. Қазір компания қара тізімге ілініп, тексеріс басталған екен. Ал, қалған жұмыстарды толық аяқтау өзге мердігерге міндеттелген.
Нұржан Жұқабетов "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Серіктесі құрылысмонтаждау жұмыстарындағы шарттық міндеттемелерін орындамаған. Сондықтан, бүгінгі күні консорциум көшбасшысымен шартқа қол қойылды. Олар келісім-шартқа сәйкес 2024 жылы жалпы ұзындығы 415 шақырым болатын объект учаскесін толық аяқтауы керек.
Жаңа тас жол Қалбатау-Майқапшағай трассасының бірнеше учаскелерін қамтиды. Абай және Шығыс Қазақстан облысындағы жобаларға 158 миллиард теңге қарастырылған. Қазір, асфальт төсеуге 150 техника мен 200 адам жұмылдырылған. Құрылыс толық аяқталғанша, шаң-тозаңы шыққан айналма жолға су сеуіп, оны тегістеп отыруға уәде берді жауаптылар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!