Түркістанда күдіктілерді қинаған экс-полицейлер сотталды
Түркістанда күдіктілерді қинаған экс-полицейлер сотталды. Сауран аудандық полиция басқармасының алты қызметкері үкім оқылып жатқан кезде қоршауды сындырып шығып, қарауылға шабуыл жасады.
Автор: Бек Әбиев
26.07.2023
Сауран аудандық полиция басқармасының бұрынғы қызметкерлері екі қой ұрлады деген күдікпен былтыр ақпан айында қос азаматты ұстаған. Кейін оларды полиция ғимаратына жеткізіп, ұрып-соғыпты. Тіпті басына пакет кигізіп қинағаны әлеуметтік желілерге таралған болатын. Осыдан кейін тексеріс басталып, күдіктілердің ұрлыққа қатысы жоқ екені анықталды. Кейін жәбірленуші өзіне күш қолданған алты полицейдің үстінен арыз жазды. Осы істі бір жыл қараған сот бүгін экс-полицейлерді кінәлі деп тауып Бекзат Құдайқұл, Азамат Мейірман, Ерсейіт Еденов пен Бексұлтан Өсербайды 4 жылға, тағы екі қызметкерге 3 жарым жыл жаза кесті. Олар түрмеден шыққан соң да 3 жыл құқық қорғау органдарында жұмыс істей алмайды. Сондай-ақ сотталушылар жәбірленушінің біріне 2 жарым миллион, екіншісіне 3 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді. Бірақ, сотталушылардың ешқайсысы үкіммен келіспей отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!