Тау қопарып, қалтасын қампайтпақ!
Тау қопарып, қалтасын қампайтпақ! Алматы облысында селдің астында қаламыз ба деп қорыққан бүтін бір ауыл тұрғындары шу шығарды. Айтуларынша, Талғар ауданында екі бірдей зауыт Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы тауды қопарып, тасын сатып жүр. Ал оның кесірі дәл сол жоталардың астында орналасқан ауылға тиюде. Жаңбыр жауса сел жүреді, жел тұрса шаңға көміледі.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
26.07.2023
Талғар ауданындағы таулардың күйі өкінішке қарай осы міне. Қараңыздаршы, әр жерден жұлмаланып-жұлмаланып қопарылып біткен.Тыныш тұрған табиғаттың тас-талқанын шығарған кімдер? Олардың іс-әрекеттері қаншалықты заңды? Осыны біліп көрейікші.
Мұның бәріне сол таудың дәл астында орналасқан Белбұлақ ауылының тұрғындары бірнеше нысанды кінәләйді. Соның бірі осы кірпіш зауыты, кейін мына бетон зауыты. Әрі бәз біреулер де бас пайдасын ойлап, жоталарды жұлмалап тастағанына сенімді. Салдарынан, ауыл аптап ыстықта шаң-тозаңға батса, нөсер жауын жауса батпақтың астында қалады.
Гүлжан Құлбаева, Белбұлақ ауылының тұрғыны:
- Былтыр 2 рет сел бізді басты. 12 май және 22 июнь. Оның алдында, 3 жыл бұрын түнгі 11-де тағы сел басты. Жаңбыр жауғанда біз қорқамыз тағы сел жүріп кетпесе екен деп. Егер мынаны тоқтатпаса, бұл экологиялық котострофаға барады. Не үшін? Тау сырғып, жылжып жатыр. Табиғаттың жаратқанын болмайды ғой құртуға. Өсіп келе жатқан болашақ ұрпаққа не қалады?
Ал, тауды қопарып жүргендер бұл сұраққа да, заңға да басын қатырмайтын сыңайлы. Экобелсенділер де бұл жердің ұлттық парк екенін айтып шыр-пыр болып жүр.
Ілияс Дарбеков, Экобелсенді:
- Бұл таулар ІлеАлатау ұлттық паркіне кіреді. Қарапайым сөзбен қорық деп те айтсақ болады. Сол қорықтың аумағында өнеркәсіптік нысандар салу түгіл, экологияға кері әсерін тигізетін шаруашылықты да жүргізуге тыйым салынған. Бұл жерде топырақты заңсыз қопарып, оны кейін интернет арқылы сатып жатыр. Тоннасына қарай 1 камаз топырақты 30-40 мың теңгеге бағалайды екен.
Тауды қопарып жүргендер көзге түспеді. Ал, кірпіш зауытының жұмысы қазір тоқтап тұр. Тек, бетон зауытының басшысы ғана төбе көрсетті. Қуалап жүріп сұрағымызға әзер жауап алдық.
Аян Жұмабаев, Кәсіпкер:
- Бұл жерде мынандай жағдай. Бұл жерде біз шаң қылмаймыз ешқандай. Біз дайын продукцияны алып, араластырып бетон жасап шығарамыз только. Шаңға фильтрларымыз бәрі тұр. Арендаға алдық. Өзіміздің құжаттарымыз бар жұмыс істейтін.
- Мынау тауды сіз кестіңіз ба?
- Жо-жоқ. Бізге қатысы жоқ ол таудың. Біздікі міне қоршалып тұрған аймақ.
Сөйтсе, тауды қопарып тастаған осы жердің иесі екен. Шаруа қожалығын жүргіземін деп топырақты да, тасты да сатып отырған. Мұны әкімдіктегілер мойындады. Жер 2005-ші жылы беріліпті. Бірақ, заң бұзушылықтың не үшін енді ғана анықтағанын жөнді түсіне алмадық. Қазір осы шаруа қожалығына қатысты сот жүріп жатыр екен.
Әнуар Әскербеков, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:
- Шаруа қожалығын жүргіземін деп, бірақ заңсыз тұрғыда жер қойнауын жону арқылы тастарды сатып отырған. Ол заңсыз әрекет. Сол бойынша қазіргі таңда сотта қаралып жатыр материалдар. Ганиева деген шаруа қожалығы.
- Не үшін 2023-ші жылы енді ғана тексеріс жүріп жатыр?
- Басқармалардың внеплановый проверкалары бар. Тексеріс жүргізген. Қазіргі таңда 2023-ші жылы осы заңбұзушылықтар тіркелді.
Ал, өзге жоталарды жонып тастаған кірпіш зауытының лицензиясы бар екен. Жұмысы сонау 2000-шы жылдардан басталыпты. Қазір осы кірпіш зауыты мен бетон зауытына қатысты тексеріс жүріп жатыр. Алайда, шенділер шаруа қожалықтың жері де, тұрғындардың мазасын алған 2 зауыт та табиғи парктің аумағына кірмейді деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!