Павлодар облысының шаруалары биыл жем-шөпсіз қалуы мүмкін
Павлодар облысының шаруалары биыл жем-шөпсіз қалуы мүмкін. Өйткені өңірді алапат өрт жалмап, екі мың гектар шабындық жер күлге айналды. Сондықтан жергілікті шаруалар мемлекеттен көмек сұрап отыр. Әкімдік қолұшын созбаса қыста малымыз аштан қырылады дейді. Алайда шенеуніктер орақ науқаны ойдағыдай болады деп алаңсыз отыр.
Автор: Бек Әбиев
26.07.2023
Май ауданындағы ауылдар мына алқаптардың арқасында өмір сүріп келген еді. Мұндағы шүйгін шөп тек жергілікті шаруаларды ғана емес, көршілес ауданның төрт түлігіне қыстай азық болатын. Алайда биыл Ертіс өзенінде су аз болып, құрғақшылық жайлады. Ол аздай екі мың гектар аумақ отқа оранып, шаруалар шабындықсыз қалған.
Амангелді Солтанов, шаруа қожалығының төрағасы:
- Енді білмеймін қалай екенін, жер жоқ мұнда шабатын жер. Ақтоғай ауданынан жер алып береміз деді. Ол уже железо бетонно жер алып береміз, шапсаңдар болды деп. Енді кеше сол транспортировка несін есептесек, ол неміз шықпай жатыр расход шығынымыз. Көбірек кетейін деп тұр.
Қыстың қамын жазда ойлаған шаруалар енді не істерін білмей абдырап жүр. Қолда бар малдың жартысын сатып жем-шөп алайын десе оның да бағасы аспандап кетіпті. Мәселен, дайын тұрған бір орам шөп былтыр 6 мың теңге тұрса, қазір 15 мың теңгеге жеткен. Ал, қысқа қарай баға тағы да өсе түседі деген шаруалар мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүр.
Төлепберген Әубәкіров, шаруа қожалығының төрағасы:
- Биыл Ертістің суы тасымай, жаңбыр жаумай өсімдіктің жылда алып жүрген шөптің жартысы жоқ қой қазір. Қазір шабындық басталды. Енді где то 35 мың центнер с гектара солай. Болашақта биыл қыста мал азығын қалай ойлап, енді өкімет қаражат бөліп, біржақтан сатып әкеп малды асырамасақ басқа амалын көріп отқан жоқпыз.
Шаруалар төрт түлікті жаппай сату мәселені шешпейді дейді. Өйткені мал басын азайту арқылы тығырықтан шыққанмен, келер жылғы несиені жабуға көк тиын таппай қаламыз деп отыр. Ал, шаруаларға онсызда бұған дейін екі миллиард теңге субсидия бердік деген шенеуніктер жем-шөп қорын көбейтеміз дейді.
Есентай Мүрсәлімов, Павлодар облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
- Бүгінгі күнге бізде қажетті шөп қорының 5 пайызы дайын. Жалпы, гектардан орта есеппен 34 центнер шөп аламыз. Бұл әрине жеткіліксіз. Ең шүйгін деген Тереңкөлде гектарынан 12 центнер, Май ауданында 10 центнер, ал Аққулы да небәрі 5 центнер. Егер жоспарлы тапсырма 1 миллион 400 мың тонна десек, онда 1 миллион 200 мың тоннасын дайындауға болады.
Биыл құрғақшылықтан дала өрті көбейгесін шаруалар өңірде төтенше жағдай режимін енгізуді сұраған. Ондай жағдайда несие төлеу мерзімін ұзартуға болады екен. Бірақ шенділер төтенше жағдай жариялаудан бас тартқан. Сондықтан, жем-шөпсіз қалдық деген шаруалар қыстан қалай шығамыз деп қамығып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!