Елорданың оң жағалауында жойқын жарылыс
Елорданың оң жағалауында жойқын жарылыс! Екі қабатты коттеджде басталған өрттің осы осылай қайғылы аяқталып отыр. Өйткені, жер үйді иесі жанармай сақтайтын нағыз қоймаға айналдырған екен. Тілсіз жау тіпті жапсарлас тұрған үйлерді де шарпыған. Абырой болғанда тұрғындар аман. Өрттің тұтануына не себеп?
Автор: Мерей Қалиасқар
27.07.2023
Астананың оңтүстік-шығыс ауданында 2 қабатты үй жанып жатыр. Осы үйдің ауласында газ балондары жарылған.
Айдың-күннің аманында, тапа-тал түсте қатарынан 8 жарылыс тұрғындардың әбден зәре-құтын қашырды. Жандарын шүберекке түйіп, үйлерінен қаша жөнелген халық қайда беттерін білмей, абдырап, түтінге тұншығып тұрып қалды.
- Жүгіріп далаға шықсам, уже от жанып жатыр. Гүрсгүрс етіп атылды. Давлением көтеріліп кетті. Мен жаңа скорыймен дәрі ішіп тұрмын. Үлкен взрыв болды енді кішкентай емес. Обал болды+Бірнеше взрыв болды.
Жарылыстан күлі көкке ұшқан 2 қабатты үйдің қожайыны жанар-жағар май сатқан деседі көршілері. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемегендіктен арты апатқа әкеп соқты деп күйінеді. Әп сәтте отқа оранған үйдің иесінен өрт неден тұтанғанын білуге барып едік, жауап беруден бас тартты. Тек «гаражда болды» деген бір ауыз сөзді естідік. Өрт сөндірушілер автоцистерналар мен сұйықтық құйылған бөшкелер жанғанын анықтады.
Еркін Отарғалымұлы, Астана қаласы ТЖД басқарма бастығы:
- Өрт орнында 8 200 литрлік бөшкелер бар екеніне көзім жетті. Алдын ала үй иелерінің айтуы бойынша бөшкелерде бензин сақталған. Яғни адамдардың отпен абайсыз болуы салдарынан өрт шығып осындай жағдайға әкеп отыр. Жалпы өрт орнында 14 бірлік техника және 74 адам жеке құрам жұмыс істеуде.
Жарылысқа ұласқан жалынды сөндіру оңай болмаған. Өйткені от жапсарлас орналасқан көрші үйлерге де таралды. Бір күнде барынан айырылған Талғат Көшенов осы жақында ғана жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойламаққа ниеттеніп жүрген. Алайда ол жоспары көкке ұшып, 3 жылғы еңбегі зая кетті. Шаш етектен шығынға баттым деп шырылдаған азамат көршісінің үй ауласында көп мөлшерде жанармай сақтағанына күйініп отыр.
Талғат Көшенов, Астана қаласының тұрғыны:
- Отбасымызбен осы үйде тұрдық. Өзіміздің үйіміз, өзіміз салғанбыз кезінде. Сосын енді семьямыз үлкейіп, отбасылы болғаннан кейін әкешешенің балалары тағы да үй қосып, үй салғанбыз биыл. Қаншама ақшамыз кетті, қаншама көліктерімізді саттық, квартираларымыз болған соның бәрін саттық та осы үйге салдық бәрін. Кешірім сұрап жатыр бірақ кешіріммен не істейм. Бензин мысалға өте қауіпті нәрсе. Біз бұған дейін бір-екі рет замечание жасағанбыз.
Абырой болғанда тұрғындар дін аман. 2 адам дәрігерлерге жүгініп, оларға психологиялық көмек көрсетіліпті. Бірақ ауруханаға жатудан бас тартқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!