Риддердегі ЖЭО-на 8 млрд 400 млн теңге бөлінді
Риддердегі жылу электр орталығына Үкімет резервінен 8 млрд 400 млн теңге бөлінді. Қаражаттың басым бөлігі қазандықтар мен жылу желілерін күрделі жөндеуге жұмсалмақ. Сондай-ақ, премьер-министр бүгін Семейдегі жылыту нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге қатысты арнайы қаулыға қол қойды.
Автор: Айғаным Достанбай
27.07.2023
Динара Әлімова, ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы:
- Премьерминистр Әлихан Смайылов қол қойған қаулыға сәйкес, Семей қаласының инфрақұрылымын жөндеуге Үкімет резервінен 16 млрд 300 млн теңгден астам қаражат бөлінеді. Бұл қаржы бірінші жылу электр орталығынан 6 шақырымға жуық жылу желілерінен курделі жөндеуге және желілік сорғыны ауыстыруға жұмсалады. Келесі қаулы негізінде Үкімет резервінен Риддер қаласындағы қазандық агрегаттары мен жылу желілерін күрделі жөндеуге шамамен 8 млрд 400 млн теңге бөлінеді.
Қазіргі таңда Риддердегі жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онымен 11 мердігер компания айналысуда. «Қажетті жабдықтар мен құрылғылардың 50 пайызы жеткізілген», дейді жұмыс сапарымен Риддерге барған депутат Руслан Берденов. Оның айтуынша, нысанда жөндеу жұмыстарының 28 пайызы аяқталған. Ал осыған дейін облыс әкімдігі Риддердегі жылу электр орталығы 15-ші қыркүйекке дейін жылыту маусымына тас-түйін дайын болатынын айтып есеп берген еді. Айта кету керек, осы жылдың 1-ші шілдесінен бастап Риддер жылу электр станциясының иесі ауысып, нысан түгелдей Алматы қалалық маслихатының депутаты Әміржан Нәбиевтің қарамағына өткен болатын. Ол ЖЭС-тің барлық қарызын өз есебінен жабуға уәде берген. Бүгінде кәсіпорынның жалпы берешегі 5 жарым млрд теңге. Ал жылу электр орталығының осыған дейінгі иелеріне Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеулер департаменті қылмыстық іс қозғаған.
Руслан Берденов, Мәжіліс депутаты:
- Мерзімімен келе жатырмыз дейді. Жылу мерзіміне үлгереміз дейді. Бірақ мен өзімнің көргенім, бұл ремонт жұмыстары капитальный ремонт емес. Жалпы ТЭЦ 1955 жылы соғылған. Ондағы жабдықтардың көбісі 1956, 1958 жылғы. Қанша жамағанмен де ол жаңармайды. Бірақ түсінуге де болады, ол өте үлкен қаражат. Қазіргі таңда мемлекеттен 8 млрдқа жуық ақша бөлінген. Ол компания мемлекетке кері қайтарады. Жағдай шұғыл болғаннан соң, мемлекет ол компаниядан қаражат күтпей, мемлекеттің бюжетінен шұғыл берілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!