Шымкентте медицина қызметкері есірткі таратумен айналысқан
Шымкентте есірткі таратумен айналысқан медицина қызметкері ұсталды. Еңбек демалысында болған 25 жастағы келіншек бос уақытында есірткі сатумен айналысыпты. Ол тыйым салынған затты өз көлігімен тасымалдап жүрген жерінде қолға түсті.
Автор: Бек Әбиев
27.07.2023
Күдікті полицейлерді көре сала оралған есірткіні көлігінің астына лақтырған. 20 дана синтетикалық есірткіні тәртіп сақшылары бірден тауып алды. Тіпті көлігін тінту кезінде гашиш те тәркіленген. Осыған дейін Шымкенттегі емдеу мекемелерінің бірінде мейірбике болған келіншек еңбек демалысында жүрген екен. Бірақ, осы жағдайдан кейін бірден жұмыстан қуылды. Ақ халатты абзал жан деген атқа кір келтірген мейірбике енді он жылға дейін темір торға қамалуы мүмкін.
Бауыржан Қарбеков, Шымкент қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
- Қазіргі таңда тергеушілер бұл деректі ҚР ҚК-нің 297 бабы бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!