Науқастардың ВИЧ инфекциясын жұқтыруына қызметкерлер кінәлі
Науқастардың ВИЧ инфекциясын жұқтыруына адами фактор себеп! Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада бір ай тексеріс жүргізген арнайы комиссия осындай қорытынды шығарды. Мамандар үш науқастың айықпас індетке шалдығуына орта медициналық қызметкерлер кінәлі деп отыр. Яғни, олар санитариялық-эпидемиологиялық ережелерді сақтамай, өз ісіне жауапсыз қараған. Сол үшін медициналық мекеменің бас дәрігері жұмысынан уақытша шеттетілсе, оның орынбасарынан бастап бөлім басшылары, бас-аяғы төрт қызметкер жұмыстан босатылған.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
28.07.2023
Алматының орталық клиникалық ауруханасында үш науқастың ВИЧ инфекциясын жұқтырғаны маусым айының ортасында белгілі болған. Сол уақыттан бері медициналық мекемеде тексеріс жүргізген комиссия мүшелері бір тоқтамға келіп, қателік қайдан және кімнен кеткенін айтып берді. Мамандардың айтуынша, келеңсіз жайтқа адами фактор себеп.
Яғни, үш науқастың айықпас індетке шалдығуына аурухананың орта медициналық қызметкерлер кінәлі екен. Олар санитариялық-эпидемиологиялық ережелерді сақтамай, өз ісіне немқұрайлы қараған. Сол үшін бас дәрігердің орынбасарынан бастап бөлім басшылары, бас-аяғы төрт бірдей лауазымды қызметкер жұмыстан қуылды.
Иран Шаметеков, Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Мекеменің басшылық және тиісті жауапты қызметкерлеріне шара қолдандық. Еңбек кодексіне сәйкес, бас дәрігері директоры жұмыстан уақытша шеттетілген. Эпидемиологиялық бақылау бойынша орынбасары, жансақтау бөлімінің меңгерушісі, одан бөлек аурухананың бас мейірбикесі, бөлімшенің аға мейірбикесі осы төрт лауазымды қызметкерлер жұмыстан босатылды.
Тексеріс барысында қанынан иммунтапшылық вирусы табылған емделушімен байланысты болған адамдар, донорлар мен аурухананың қызметкерлері жалпы саны 745 адам сынама тапсырыпты. Барлығының қорытындысы теріс шыққан. Қаланың бас санитар дәрігері үш науқас қауіпті кеселді жансақтау бөлімінде бірге жатқан тағы бір адамнан жұқтыруы мүмкін дейді. Бірақ аталған емделушінің өзге аурудан қайтыс болуына байланысты инфекция көзін анықтау қиынға соққан.
Қасымхан Алпысбайұлы, Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
- Нөлдік науқас деп айтып отырғанымыз ол түскен кезде алдын ала алынған анализі күмәнді болған. Сол кезде жаңағы үш науқаспен бірге жансақтау бөлімінде болған. Сондықтан біз мүмкін деген осындай қорытындыға келіп отырмыз. Тексеру нәтижесінің қорытындысы құқық қорғау органдарына берілді. Солар зерттейді. Солардың қорытындысы бойынша ары қарай шешім қабылданатын болады.
Комиссия мүшелері індет қан құю арқылы тарады деген ақпаратты мүлдем жоққа шығарды. Өйткені, донорлардың сынамасы теріс нәтиже көрсеткен. Ал, осы дертті жұқтырған үш науқас СПИД орталығына тіркеуге алынды. Қазір оларға қажетті медцицналық-психологиялық көмек көрсетілуде. Еске салсақ, 17 жыл бұрын Шымкентте де балалар жаппай ВИЧ инфекциясын жұқтырған болатын. Сол кезде ведомствоны басқарған Ерболат Досаев өз еркімен қызметінен кеткен еді. Досаев қазір Алматы қаласының әкімі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!