{metadescription}
Астанада «Шапағат» маңындағы саудагерлер наразылыққа шықты
Астанада «Шапағат» маңындағы саудагерлер наразылыққа шықты

Астанада «Шапағат» маңындағы саудагерлер наразылыққа шықты

Елордада «Шапағат» базарының алдында сауда жасап күн көріп жүрген бір топ сатушы наразылыққа шықты. Бұған себеп – аудан әкімдігінің шешімі. Жаңа зәулім сауда орны салынады деп, жайма базар бес күн бұрын жабылыпты.

Негізі көшеде заңсыз отырғанын білсе де, жайма базарға шығуға мәжбүр саудагерлер енді не істейтінін білмей әлек. Ал әкімдік «ешкім далада қалмайды» деп уәде беріп отыр.

- Бізді орнымызда қалдырсын. Нан сұрап отырған жоқпыз. Жұмыс істетсін, ақша тапқымыз келеді.

«Жылы орнымыздан қумасын» деп шырылдаған бір топ саудагер осыған дейін елордадағы «Шапағат» базарының алдында ірілі-ұсақты түрлі тауар сатып күнелтіп келген. Жайма базардан тапқан табысы күнделікті ас-судан артылмаса да, біраз қажетінің орнын жауып отырыпты. Сауда қызған демалыс күндері 10 мыңға дейін пайда тауып қарық болатын едік дейді. Енді ол да жоқ.

2020 жылдан бері шілденің шіліңгір ыстығында да, қақаған аязда да 33 саудагер дәл осы жерді жаймашы базар етіп, күнделікті нәпақасын тауып отырған. Саудагерлердің айтуынша, жергілікті әкімдік өкілдері осындағы сатушылармен келіссөзге келіп, бұл жерді босатуын талап еткен. Атқамінерлер дәл осы жерден, 10-15 метр қашықтықтағы жерден заманауи жабық сауда орнын ашып береміз деп уәде етіпті.

Айгүл Жусина, сатушы:

- Төрт жыл тұрдық, міне, қысыжазы. Тауып отырған табысымыз. Барлығымыз да бала-шағамыз бар. Ең құрығанда жаңа жылға дейін берсін деп сұрап отырмыз. Өздерінің айтқан сөзін өтірікке шығарды.

Сатушылардың айтуынша, бес күн бұрын төбе көрсеткен Сарыарқа ауданының атқамінерлері жылы қабақ танытып, ың-шыңсыз бір апта демалып келуін өтініп сұраған. Алайда уақыт өте келе, «жайлы бутикке келеміз» деген ойының күлі көкке ұшыпты.

Айжан Жанбосынова, сатушы:

- Бес күн болды жүргенімізге. Балашағамыз аш. Қазір елден қарыз алып тамақ жеп отырмыз. Займер дегенннен ақша алып алғанбыз. Оның мерзімі келіп тұр. Басқа қарыздарымыз бар. Бала-шағамыз бар. Қыркүйекте мектепке бала-шағамызды қалай киіндіреміз?! Осы жерде 15 жылдан бері күн көріп келе жатқанбыз, біреуден көк тиын сұрамай...

Әкімдіктің айтар өз уәжі бар. Әуелі жайма базар қала көркіне нұқсан келтіреді, санитарлық, қауіпсіздік ережелерге қайшы. Осы аймақта орналасқан үйлердің тұрғындарынан да бұл аймақта аллея ашу туралы өтініш көптеп түсіпті. Дегенмен әкімдік саудагерлерді тағдырдың тәлкегіне тастамаймыз деп отыр.

Елдар Томашов, Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары:

- Бүгіннен бастап сөйлесеміз. Бүкіл сауда орталықтарымен, базарлармен. Адамдарды жайғастырамыз. Әрине, қолдап, көмектесіп жібереміз. Жарты жыл ма, бір жыл ма, жалға алу төлемінен босатуға.

Әкімдік жауабына жиналған жұрт қанағаттанбады. "Ең болмаса, мектепке дайындық алдында балаларымызға қажет керек-жарақты алуға мүмкіндік берсін" деп талап етіп отыр. Себебі «Шапағат» базарының алдында сауда жақсы. Ал жаңа жерге үйреніскенше біраз уақыт қажет.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде