Вейпке тыйым: Кәсіпкерлер не дейді және контрабанданың жолы қалай кесіледі?
Елімізде вейпке тыйым салынады. Денсаулық сақтау министрлігі дайындаған арнайы заң жобасы күшіне енсе, электронды темекі саудасы мүлдем тоқтатылады. Өйткені шылымның осы түріне әуес адамдар арасында Эволи дертіне шалдығу көбейген. Вейпті қызық көріп тартып, кейін жөтелі асқынып, соңында өкпесі қабынғандарға дәрігерлер осындай диагноз қойып отыр.
Автор: Айжан Шамшидин
01.08.2023
Ал оны емдеу хаттамасы Қазақстанда мүлдем жоқ. Бұл шешімге саудасын қыздырып отырған кәсіпкерлер не дейді? Контрабанданың жолы қалай кесіледі?
Көшеге шықсаң болды, қолындағы құрылғысын құшырлана тартып, вейп үрлеп жүргендерден көз сүрінеді. Денсаулық сақтау министрлігінің өзі электронды темекіге құмартқандардың нақты статистикасындөп басып айта алмаймыз деп отыр. Себебі бұған дейін еркін сатылды, тұсау салатын заң болмады. Оның қаупін енді түсінген Үкімет, вейпті нарықта сатуға мүлдем тыйым салмақшы. Осылайша Мәжіліс мінберінде депутаттардың сауал жолдап, бұған дейін тоқтаусыз мәселе көтергені жетер жерге жеткен. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та мемлекет қазынасына тауар ретінде вейптен түсетін салықтың салмағы жоқ деп отыр.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Бұл мәселе қазір ушығып тұр. Ешкім баласының вейп шегіп жүргенін қаламайды. Сондықтан біз бұны түбегейлі тоқтатуды және алып тастауды жөн көріп отырмыз. Бұл бірақ әлі тек заң жобасы ретінде. Әлі парламентте талқыланады.
Заңның нақты қашан қабылданып, қашан іске асатыны әзірге беймәлім. Белгілісі, арзан түтін түбіне жеткендер саны күн санап артуда. Тіптен дәл осы вейпті қызық көріп, ақыры өкпесі қабынғандар жаппай Эволи дертіне шалдығуда. Ал Қазақстанда науқастарды бұл «жаңа» індеттен емдеу жолы мүлдем жоқ.
Баян Ахатай, ҚХА жанындағы «Аналар кеңесі» төрағасының орынбасары:
- Бүгінде статистика керек болса,13,12, 15 жаста Эволимен ауырған балалар тіркеліп отыр. Қазақстанда. Әлем бойынша одан да көп. Ең қорқыныштысы, Эволиден бізде емдеу хаттамасы әлі жоқ. Яғни баланы пневмония түрімен емдеуге тура келеді. Ол ондай тиімді емес. Вейптің қаупі ұлттық қауіпсіздік тұрғысында қаралатын мәселеге айналып отыр. Себебі вейп әлі тумаған балалардың өмірін талқандауда.
Мұндай тыйымға вейп сатып кәсібін дөңгелетіп жүрген бизнес өкілдері, әрине, түбегейлі қарсы. Олар бірауыздан көлеңкелі бизнес осылай өркендейді дейді. Нарықта ресми лицензия алып, электронды темекіні халыққа ұсынып жүрген бес компания ғана бар. Бұл шамамен вейб сатушылардың 10 пайызын ғана құраайды.
Әміржан Қалиев, Алкоголь өнімдерін өндірушілер және сатушылар қауымдастығының президенті:
- Егер Үкімет өнімдеріне тыйым салатын болса, онда бұның барлығы көлеңке бизнеске айналады. Бұдан кейін жемқорлық пайда болады. Адал өндірушілер нарықтан кетеді. Содан кейін оны нарықта сақтау тыйым салған кезде, бізге өте қиын болады. Себебі біз Еуразиялық экономикалық одақта өмір сүріп жатырмыз.
Электронды темекі нарығы соңғы үш жылда 300 есе артқан. Құрамында 30-дан астам улы заты бар вейптермен күресті басқаша жүргізу керек дейді кейбір қоғам белсенділері. Түсіндірме жұмысын мектеп, тіпті балабақшадан бастаса абзал деген ұстанымда. Шылым сыртындағы қорқынышты суреттерді вейптің сыртына да салса, жасөспірімдердің санасына әсер ете ме деген де болжам бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!