Алматыда 16 қабатты үйдегі өрттен зардап шеккендер ...
Алматыда 16 қабатты үйдегі өрттен зардап шеккендердің саны артты. Қазір 17 адам ауруханада жатыр, оның 15-і – бала. Көбі ыстан уланған. Арасында биіктен секіріп жарақат алғаны да бар. Бесінші қабаттан секірген 31 жастағы әйел оңбай жараланып, ажал құшқан болатын.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
02.08.2023
Ал құтқарушылар: «Үй ішін түтін басқанда байбалам салмай, көмек күту керек еді», - дейді. Қазір 16 қабатты үй қоршауға алынып, жедел-штаб құрылды. Мамандар өрттің шығу себебін анықтауда. Оқыс оқиғадан есеңгіреп қалған қарашамен КТК тілшісі тілдесіп қайтты.
Өрт болған көпқабатты үй қоршауға алынған. Полиция қызметкерлері ішке керек-жарағын алу үшін пәтер иесін ғана кіргізіп жатыр. Өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында жедел-штаб құрылды. Үйдің алдына тігілген палаткаларда тұрғындарға ас-су беріп жатыр.
Ақкент ықшамауданында кешелі бері абыр-сабыр. Тұрғындар ыс басқан баспанасына кіріп, киім-кешектерін сөмкемен алып шығып жатыр. Көбі жақындарының үйін уақытша паналапты. Соның қатарында Арайлым да бар. Кешегі қарбаласқа толы көрініс келіншектің әлі көз алдында.
Арайлым Яқшылақова:
- Үйімізге қара түтін кіріп, не істерімізді білмей, бүкіл терезелерді ашып, есікті ашып тастадық. Далада айқайшу. Бірақ не болып жатқанын көрмедік. Есіктің тесіктерін бітеп тастадық. Терезені ашып қарап отырдық. Құтқарушыларды күттік.
Бірақ өрт сөндірушілерді күтпей, байбалам салып биіктен секірген, кішкентай балаларын лақтырған адамдар көп болды. Оларды төменде тұрғындар матрас, кілеммен тосып алып жатты. Өкінішке қарай, бесінші қабаттан секірген кезде жерге оңбай құлаған Әсел Бекмұхамбетова ауыр жарақаттан көз жұмды. Түтінге тұншыққан соң, амалдың жоқтығынан осындай қадамға барды деп отыр әкесі.
Қайрат Бекмұхамбетов, Ә.Бекмұхамбетованың әкесі:
- Қызым шыдай алмады. «Түтінге тұншығып бара жатырмын» деді де, түтін қатты ғой. Содан кейін астында тосып тұрды ғой, адамдар. «Не болса ол болсын» деп, секіріп кетті. Амалсыздан секірді. Тамақ қысып бара жатыр түтіннен. Тұншығатын болдық. Екінші қызым да секірді.
Санаулы минут өткен соң құтқарушылар да есікті қағыпты. Марқұмның туыстары «көмек келетінін білгенде қызымызды аман алып қалар ма едік» деп өкінеді. 31 жастағы марқұм тұрмыс құрмаған. СММ-маманы болып жұмыс істепті. Ал оның артынан секіріп, бес қабырғасы сынған әпкесі қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Жалпы, төтенше жағдайдан кейін 49 адам зардап шеккен. Оның 17-і ауруханада емделіп жатыр. Медициналық көмекке жүгінгендердің дені – балалар.
Ләйлә Иманғалиева, Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Қазір екі ересек адам жансақтау бөлімінде жатыр. Оның ішінде 35 жастағы әйел адам жарақат және ауыр жарақаттан есі танған, екінші дәрежесімен. 19 жастағысы ауыр бас жарақатымен, әйел адам жансақтау бөлімінде жатыр. 15 бала ауруханада. Бір бала жансақтауда. Ауруханаға жеткізілген науқастардың басым бөлігі ыстан уланған.
Төтенше жағдай департаменті өрт 15-ші қабатта тұтанды деген болжам жасады. Өртке лифт шахтасындағы электр кабельдерінің қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Сосын үйдің ішін қою қара түтін басқан. Қызыл жалын лапылдап жанбаған. Тілсіз жау 80 шаршы метр аумақты ғана шарпыпты. «Оқиға орнына алты минутта жеттік» деген өрт сөндірушілер бас-аяғы 250-ден астам адамды қауіпсіз жерге көшіріп, 80 тұрғынды құтқарған. Көмек күтпей биіктен секірген адамдардың әрекетіне төтеншеліктердің айтар жауабы дайын.
Ерлан Әлібеков, Алматы ТЖД бастығының міндетін атқарушы:
- Адамдар төменгі бесінші, алтыншы қабаттардан секірген. Кеше жағдай күрделі болды. Қатты байбалам салғандар болды. Біз түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Мұндай жағдайда балконға шығу керек. Дымқыл шүберекпен балконның есігін қатты жауып, сол жақтан көмек күту керек.
Қазір арнайы мамандар сараптама тағайындап, өрттің шығу себебін анықтауға кірісіп кетті. Әкімдік өкілдері қаза тапқан марқұмның отбасына көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ барар жері, басар тауы жоқ бұқараға ыстық тамақ пен жатын орын беріледі. Өйткені 16 қабатты үйге кіруге болмайды. Тұрғындар баспанасына қашан оралатыны әзірге белгісіз. Көпбақатты үйдегі пәтерлер үш жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен жастарға жалға берілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!