{metadescription}
Алматыда өрт қауіпсіздігі сақталмаған мыңнан астам тұрғын үй кешені бар
Алматыда өрт қауіпсіздігі сақталмаған мыңнан астам тұрғын үй кешені бар

Алматыда өрт қауіпсіздігі сақталмаған мыңнан астам тұрғын үй кешені бар

Өрт шыққан үйде қауіпсіздік ережелерінің бірде-біреуі сақталмаған. Тіпті жедел жеткен құтқарушыларға үйдің алдына бару қиынға соғыпты. Өйткені аула толған көлік. Ал үйдегі олқылық өз алдына.

Апат болған жағдайда пайдаланатын эвакуациялық жолдар жабық, әр қабаттағы түтінді сыртқа шығару жүйелері де жұмыс істемеген. Соның салдарынан тұрғындар түтінге тұншығып, арты үлкен байбаламға ұласты. Бұл сәйкесінше өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысын қиындатқан. Негізі жалғыз Ақкент емес, Алматыда соңғы жылдары салынып жатқан биік үйлердің бәрінде осындай жағдай.

Өрт шыққан Ақкенттегі үйге тұрғындардың қоныстанғанына небәрі үш жыл ғана болыпты. Содан бері онда өрт қауіпсіздігі тексерілмеген. Төтеншеліктер апатқа сол үйді салған компанияны кінәлап отыр. Мәселен, тұрғындар апат есігінен шығуға тиіс еді. Ал олардың құлыптаулы тұруынан тіпті құтқарушылардың да жұмысы қиындай түсіпті.

Ерлан Әлібеков, Алматы ТЖД бастығының міндетін атқарушы:

- 15 метрден жоғары, бесінші қабаттан жоғары қарай екінші апаттан құтқару жолы болу керек, осындай үйлерде. Бірақ кешегі үйде люктары бар, темір сатысы бар, бәрі жабық болды. Егер де ашық болғанда бесінші қабатқа дейін сонымен түсуге болар еді. Бесінші қабаттан құтқару жұмысын жеңілдетер еді.

Бұдан бөлек, түтінді сыртқа шығару жүйелері де құр тұрғаны болмаса, іске жарамсыз. Әр қабатта бар құрылғының бірі де өз қызметін орындамаған. Соның салдарынан тұрғындар ысқа тұншығып, далаға қарай ентелепті. Қазір осы іске қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалған. Өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылғаны және өрт орнында адамның қаза табуы бойынша. Жалпы Алматыда сапасы сын көтермейтін мұндай көпқабатты үйлер көп. Оларды тексеру үшін тағы бір жыл күту керек дейді мамандар.

Ерлан Әлібеков, Алматы ТЖД бастығының міндетін атқарушы:

- Биыл 93 биік қабатты үйлер тексеріске жоспарда тұр. Жыл аяғына шейін тексереміз. Бірақ ОСИ дейміз ғой. Олар да жекеменшік шағын кәсіпкерлікке жатады. Биыл созылған мораторийға байланысты оны әзірше тексере алмаймыз.

Елімізге еңбегі сіңген құрылысшылардың да қазіргі шаһарда салынып жатқан үйлерге көңілі толмайды. Көпқабатты баспаналардың ауласы өте тар. Кешегідей кенет апатты жағдай орын алса, өрт сөндіру мен жедел жәрдем көліктерінің өтуі екіталай дейді олар.

Мұқтар Айсауытов, ардагер құрылысшы:

- Құдайға шүкір, жер бар. Қапшағайға қарай шықсын. Қаскелеңге қарай шықсын. Сол жақтан салсын. Бұл жақта орталықтан үй салуды тоқтату керек. Болмайды енді. Әлі тауып жатыр. Ана жерден бірқуыс тауып алады. Апарады да тығады. Мына жерден бір қуыс тауып алады да, апарады да, тығады. Дұрыс емес. Қарамайды қауіпсіздігіне. Үйді салар алдында қалада кәдімгі ГАСК, архитектурасы бар, құрылыс бөлімі бар. Аудандарда да бар. Солар келіп қарап, қай жақтан көлік кіріп шығатынын қарасын. Ертең бір жағдай болып қалса не болады? Соның бәрін қарау керек қой.

Ақкенттегі үйді салған мердігер компания басшысы жауапқа тартыла ма, жоқ па, ол тергеуден кейін белгілі болмақ. Ал әзірге ол бүлінген пәтерлерді өз қаражатынан қайта қалпына келтіруе уәде етіпті.

Төтеншеліктердің мәліметінше, Алматыда қазір мұндай өрт қауіпсіздігі сақталмаған мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй кешені бар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде