Таразда миллиардқа салынып қираған музейге тағы қаржы бөлінеді
Таразда миллиард теңгеге тұрғызылған музей қаңырап бос тұр. Осыдан сегіз жыл бұрын салынған «Көне Тараз» археологиялық саябағының бүгінде сау тамтығы қалмаған. Қабырғалары көгеріп, құбырлары жарылып, жертөлесін су басып жатыр.
Автор: Шерхан Абзалұлы
02.08.2023
Сондықтан мемлекеттің миллиондары жұмсалған нысанда бірде-бір көне жәдігер жоқ. Қоғам белсенділері ашылуынан жабылуы тез болған нысанның құрылысына жауаптылар жазасыз қалмауы керек деп отыр. Жарық пен жылуы да жоқ қорқынышты мекеменінің есгін КТК тілшісі қағып қайтты.
2015 жылы елдегі ең ерекше кешеннің бірі деп ашылған, жарнамасы жер жарған мақтаулы музейдің қазіргі сиқы жаман. Бір миллиардқа жуық қаржы жұмсалған нысан сол сәтте-ақ апатты ғимаратқа айналған. Бірнеше бөлменің қабырғасы қақырап, төбесі опырылған.
Қараусыз қалған нысанға қарап, музей емес, мистикалық орынға ұқсатуға болады. Жертөледегі құбыр жарылып, жартысын су жайлаған. Жарық та, жылу да жоқ.
Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланған тұста ашылған «Көне Тараз» музейіне сол маңдағы тарихи қалашықтан табылған төрт мыңға тарта жәдігер қойылуы тиіс болған. Алайда ғимарат аз уақытта жарамсыз деп танылып, ашылғанынан жабылғаны тез болды. Құрылысы сапасыз салынғандықтан, мекемені «музей қорығы» қарамағына алудан бас тартқан.
Ұлжалғас Шайысхан, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының бөлім басшысы:
- Бірнеше ай өткеннен кейін музей ғимаратының құрылысы жарамсыз болған. Біз ол жердегі қордағы жәдігерлерді сол жерден алып тастап, қазір өзіміздің музейдің қорында сақтаулы тұр.
Ал экс-мәжілісмен Мейрамбек Төлепберген қирап тұрған кешенді қайта жаңғырта салу жеткіліксіз дейді. Шарапаты тимеген нысанға немкет ниетпен қараған жауаптылар жазалансын деп отыр.
Мейрамбек Төлепберген, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- 2015 жылдың алғашқы бір аптасы болмаса, қалған бірдебір күн жұмыс істемеген. Бұл мемлекеттің ақшасы. Бұл қазынаның қаржысы. Халықтың салығынан жиналған ақшаға осындай ту-талапайға салудың ешқандай реті жоқ. Халық игілігіне жұмсалмай отырған осы ғимараттың себеп-салдарын толық зерттеп, кінәлілерді толық жазалау керек деп есептеймін.
Сегіз жыл бойы қозғалмаған құрылыс басқармасы бұл істі алдағы айда бір жақты етеміз деп бекініп отыр. Күрделі жөндеу жүргізуге нақты қанша қаржы қажеттігін есептеп жатыр екен.
Нұржігіт Мұратов, Жамбыл облысы құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл ғимарат біздің құрылыс басқармасының теңгерімінде. Алдын ала бағасы шамамен 320 миллиондай болып тұр. Сараптама қорытындысын алғаннан кейін нақты бағасы белгілі болады.
Басқарманың бас ауруына айналған мәселе биыл бітпейді. Бұны бөлім басшысының өзі кесіп айтты. Облыс бюджетінен қаражат бөлінсе, жөндеу жұмысы тек келесі жылы басталады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!